Алматыда «Кәсіподақ сағаты» ұйымдастырылды

«Ұстаз» Алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағының 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес онлайн форматта «Кәсіподақ сағаты» кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу әр айдың төртінші аптасында жұма күні әртүрлі мәселелер бойынша өткізіледі.


«Кәсіподақ сағатының» негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының педагогтері мен кәсіподақ мүшелерін толғандырып жүрген әртүрлі мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беру, қолданыстағы еңбек заңнамасын түсіндіру.

Кәсіподақ сағаты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері, “Ұстаз” Алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағы аудандық филиалдарының төрағалары және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіптік одағының төрағаларының қатысуымен өткізілді.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 30 желтоқсанда № 533 бұйрығымен бекітілген «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары» қарастырылып, осы бойынша толық түсініктеме берілді.

“Ұстаз” Алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағының төрағасы С.Байгуттинов «Кәсіподақ сағатына» қатысушыларға бұл кездесулердің мақсатымен таныстырып, қаралатын мәселе бойынша хабарлама берді.

Содан кейін кездесуге шақырылған қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы аттестаттау бөлімінің басшысы  Раушан Кусаинова педагогтерді аттестаттау бойынша жоғарыда аталған бұйрыққа қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін түсіндірді.

Кездесу барысында педагогтер Ережеде енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Мысалы: Менің педагогикалық өтілім 33 жыл, бірақ оның 20 жылы математикадан, 13 жылы физикадан сабақ бердім, тестілеуге барамын ба, әлде тестілеусіз аттестаттаудан өтем бе? т.б. (Ереженің 123 тармақшасында көрсетілген: бейіні бойынша 30 және одан да көп жыл педагогикалық және өндірістік өтілі бар педагогтер жаңа жүйе бойынша берілген біліктілік санатын растаған кезде ПББ тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді қорытудан өтеді).

Келесі кездесу сәуір айына жоспарланып отыр. Бұл кездесуде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және кезекті демалыстың алдында педагогтерді толғандыратын тағы да басқа мәселелер жайлы айтылатын болады. Одан кейін педагогтердің сұрақтарына жауап беріледі.