Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов Тараз қаласының жанында орналасқан «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-ның жұмысшыларымен кездесу өткізді.


Бұл ірі кәсіпорынның негізгі мақсаты – еліміздің оңтүстүк өңірін толықтай тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету және оңтүстік өңірлерде күзгі-қысқы кезеңде орын алатын электр энергиясының тапшылығын жабу. Қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ден аса кәсіподақ мүшелері жұмыс істейді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар мен бөлім басшыларына еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен өндірістік жарақаттанудың алды алу мәселелері жан-жақты айтылды.

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттарды азайту – кәсіподақтар алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Бүгінде Республика бойынша өндірісітік жарақаттану әлі де жоғары деңгейде тұр.

Осы орайда ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру мәселесі және басқа да маңызды іс-шаралар жоспарланғаны жеткізілді.

Кездесу соңында Бахтияр Сайлаубекұлы жұмысшылардың қойған сұрақтарына жауап берді.