Теміржолшылардың денсаулығын сақтау мәселесі талқыға салынды

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері «Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана филиалының кеңсесіне барып, елордалық теміржол торабының кәсіподақ белсенділері қатысқан жиналысқа қатысты. Филиалдың кәсіподақ ұйымдары әр аптаның сейсенбісінде өтетін отырыста күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, атқарылатын іс-шаралар жоспарын қарастырады.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне байланысты ақпаратпен бөлісті.

«Адамның негізі құқығының бірі – денсаулығын сақтау және жақсарту болып табылады. 2023 жылы Дүниежүзілік денсаулық күнінің тақырыбы «Баршаға арналған денсаулық» деп аталады. Соған орай филиалдың кәсіподақ ұйымдарына кәсіпорынның қатысушы қызметтерімен бірлесіп түрлі танымдық іс-шараларды өткізуді және кеңінен ақпараттандыру, сонымен қатар, стендтер, техникалық сабақтар және т.б. арқылы салауатты өмір салтына деген көзқарасты қалыптастыруды ұсынамыз», – деп атап өтті С.Сәрсекеев.

Сонымен қатар 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған іс-шаралар пысықталды. Филиал төрағасы кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне өз кәсіпорындарының жұмыс орындарында келесі жылға да арналған еңбекті қорғау жағдайларын жақсарту жөніндегі кешенді іс-шараларды дайындауға белсенділік танытуға шақырды.

Жиын соңында сөз алған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қарапайым еңбеккерлердің денсаулығын сақтау – өзекті мәселелердің қатарында екенін атап өтті. Сонымен қатар, бірлестік төрағасы ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын және елордалық кәсіподақ орталығының атқарып жатырған жұмыстарын жеткізді.

Сөз соңында Төлеген Күнәділов теміржол торабының кәсіподақ ұйымдарына Кәсіподақтар федерациясының «Халықтық бюджет» жобасына қатысуға ұсыныс тастады.