ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Labour School кәсіподақтық шеберлік мектебі мұнайшылар үшін бірлескен семинарлар өткізуге ниетті

Сәрсенбі, 5 сәуір күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанда жұмыс сапарымен жүрген Labour School халықаралық кәсіподақтық шеберлік мектебінің басшысы Эдуард Вохминмен кездесті.

Кездесу барысында ҚРКФ басшысы кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бойынша дағдылар мен білімдерді дамытудағы кәсіподақтық оқытудың рөлін ерекше атап өтті.

«Кәсіподақтардың қатардағы мүшелеріне заңгерлік көмек көрсетумен қатар Федерация білім беру бағытын да дамытуда. Әрбір нақты кәсіпорында, әр салада әлеуметтік әріптестікті дамытудың тиімділігі кәсіпорын мен ұйымдар еңбеккерлерінің құқықтық санасының артуына байланысты. Сондықтан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында оқу үдерісі үздіксіз және міндетті», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Еңбек қатынастары бойынша халықаралық сарапшы Эдуард Вохмин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобалары бойынша сенімді әріптесі болып табылады және Қазақстанда әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша семинарларды тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бұл жолы оның қатысуымен Қарағанды ​​және Астана қалаларында тау-кен металлургия саласының еңбеккерлері үшін семинар-тренингтер өтті.

Халықаралық кәсіподақтық шеберлік мектебінің жетекшісі Эдуард Вохмин ҚРКФ төрағасына еліміздің аймақтарында семинарлар ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, өз бақылауымен бөлісті.

«Қазақстандық жұмыскерлердің білім деңгейі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының оқыту жобаларының арқасында артып келеді. Ал біздің оқыту семинарларымызға әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары – еңбеккерлер, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуы барлық тараптардың әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуға қатысуына әсер ететіні сөзсіз. Біздің бірлескен білім беру жобаларымыз кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі рөлін арттыруға қосқан үлес болып табылады, әсіресе Кәсіподақтар федерациясында жеткілікті аналитикалық әлеует жинақталған», – деді Эдуард Вохмин.

Тараптар мұнай-газ және мұнай сервистік салалардағы кәсіподақ мүшелері үшін бірлескен білім беру жобаларын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты дамыту және кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

«Өткен жылы мұнай-газ саласында орын алған еңбек дауларының саны бойынша Қазақстанның батыс облыстары көш бастады. Сондықтан алдағы уақытта Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бірлескен семинар-тренингтер сериясын ұйымдастыру керек деп есептеймін. Кәсіподақтық шеберлік мектебінің ұжымдық еңбек дауларының себептерін қарастыру және зерделеу тәжірибесі, халықаралық келіссөздер тәжірибесінің озық рәсімдерін меңгеру осы саладағы кәсіпорындардың жұмыс берушілері үшін де, еңбеккерлері үшін де пайдалы болады», – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ медиаорталығы