Еңбек қауіпсіздігі тақырыбы бойынша білім марафоны жалғасты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім марафоны Қызылорда және Жамбыл облыстары кәсіподақ белсенділерімен жалғасты.

Білім марафонын ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, кәсіподақтық оқытулардың маңыздылығын және біліктілігін арттырған кәсіподақ белсенділерінің кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарындағы мүдделерін қорғау бойынша белсенділігін арттыру өзектілігін атап өтті.


«Кәсіподақтар федерациясымен 2023 жыл Қауіпсіз еңбек жылы деп белгіленді. Әрбір жұмыскердің еңбегін қауіпсіз ұйымдастыру, еңбекті қорғау мәселелеріне үлкен мән берілуі тиіс. Әлеуметтік әріптестердің еңбекті қорғау бойынша күш біріктіре жұмыс жасағаны қажет», – деді Н.Өтешев.

Білім марафонына қатысушылардың қызығушылығын туындатқан онлайн-оқуда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері жан-жақты талданып түсіндірілді.

«Еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесінің күшті және әлсіз жақтарын талдау» тақырыбында ҚР Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі Комитетінің бөлім меңгерушісі Марат Имашев семинар қатысушыларына ақпарат берді. Семинар спикері Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Кауіпсіз еңбек Тұжырымдамасын іске асыру жоспары бойынша жұмыстар барысы мен алдағы міндеттерге тоқталды.


Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімі маманы Хансейіт Бөлен «Өндірістік жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу» тақырыбында түсіндірме жүргізді. Спикер республика бойынша кәсіпорындарда өндірістік жазатайым оқиғалардың орын алуы статистикасы, оның динамикасы, салалар бойынша бөлінісі және оның туындау себептеріне тоқталды. Оқу марафонына қатысушыларға өндірістік жазатайым оқиғалардың санаттары, себептері, тергеп-тексеру тәртібі, жұмыс берушінің міндеттері мен тергеу комиссиясының құрамы, жұмысы туралы қажетті ақпараттар берілді.

Оқу марафонына Қызылорда және Жамбыл өңірлерінен 100 кәсіподақ белсендісі қатысып, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бағытында білімдерін арттырды, Кәсіподақтар федерациясының оқу марафоны жыл бойы жалғасатын болады.