Елорда кітапханалары жаңғыртылады

Бұл жағымды жаңалықпен Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ұжымымен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешев және Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова бөлісті. Кездесу Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы және салалық кәсіподақтың қалалық филиалы ұйымдастырған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізілді.

Сәуірдің 12-сі күні жаңа шақырылымдағы қалалық мәслихаттың бірінші отырысы өтіп, онда елорда кітапханаларын жөндеу мен жаңғыртуға 185 миллион теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі қаралып, оң шешімін тапты. Бұл қаржы Астана қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 4 кітапханасын жөндеуге жұмсалады, оның ішінде: Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған мамандандырылған кітапхана; №3 және №4 балалар кітапханалары; Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы.

Елорда кітапханаларын қайта құру және жаңғырту туралы мәселені салалық кәсіподақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы салалық комиссияның отырыстарында және Астана қаласының Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, қалалық үшжақты комиссия отырысында бірнеше рет көтерген болатын.

Дегенмен, Орталық кітапханалар қызметін жаңғыртудың орнына оңтайландыру, мұрағатпен біріктіру қаупі төніп, салалық кәсіподақтың араласуымен және Мемлекет басшысына тікелей үндеуінен кейін реттелді.

Соның нәтижесінде елорданы дамыту мәселелеріне арналған арнайы кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Орталық кітапханалар жүйесінің 18 кітапханасын жаңғырту және қаланың әр ауданында коворкинг орталығы функциясы бар жаңа ғимараттар салу қажеттігін атап өтті.

Кәсіподақтың арқасында бұл мәселе қазір оң шешімін тауып, Астана қаласы мәслихатының бюджет комиссиясының мүшесі ретінде Нұрлан Өтешевтің бақылауында болады.

Жиында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева мен қызметкерлер басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Олардың ішінде, орташа есеппен 100-120 мың теңгеден аспайтын төмен жалақы әлі де бар, бұл ретте елорда қызметкерлерінің жалақысы көптеген облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларға қарағанда төмен. Қосымша төлемдер, оның ішінде, зиянды еңбек жағдайларын ескере отырып, төленбейді.

«Қала әкімдігі 2022 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында тек қарапайым кітапхана қызметкерлеріне ынталандыру сыйақысын бөлді. Бұл, ең болмағанда, инфляцияның тез өсіп жатқан жағдайында бізді құтқарды. Биыл да ынталандыру төлемдеріне 19 миллион теңге бөлу мәселесін көтердік. Бұл мәселеде әкімшілік қолдау көрсетеді деп сенеміз. Өйткені, жалақының аздығы жас мамандарға кері әсерін тигізіп, көбінің жеке баспанасы жоқ, кітапхана жүйесінде қалмай, мамандығын өзгертуге мәжбүр», – дейді ОКЖ меңгерушісі Г.Мәдібаева.

Білікті кадрлардың тапшылығына кәсіптік білімнің, кітапхана ісі факультеттерінің, алыс-жақын шет елдерде оқу және тағылымдамадан өту мүмкіндігінің жоқтығы да себеп болып отыр.

Семей өңірінің аумағында туып-өскен және тұратын жұмыскерлер үшін жеңілдіктердің болмауы да көптеген шағымдарды тудырады. Қазақстанның басқа өңіріне көшкен кезде бұл жеңілдіктер төленбейді, дегенмен, жақын және алыс шетелге көшкен кезде олар сақталады.

«Осы және басқа да көптеген мәселелерді шешу үшін ортақ күш-жігермен әрекет ету қажет. Кәсіподақтар, депутаттар, ұйымдардың басшылары бұл мәселелерді әкімдіктерге, министрліктерге, Парламентке жеткізіп, әлеуметтік әріптестік аясында құқықтық салада қойылған міндеттерді шешуге тиіс. Әрбір нормативтік-құқықтық акт қаржылай күшейтілуі тиіс, содан кейін ол функционалды болады», – деп атап өтті С.Иманқұлова.

Өз кезегінде Нұрлан Өтешев елорданың ОКЖ жаңа кітапханаларының құрылысын қаржыландыру, қолда бар кітапханаларды қайта құру және жаңғырту жөніндегі бағдарламалар жалғастырылатынына және барлық қатысушылармен осындай форматтағы кездесулер үшін әлі де көптеген оң себептер болатынына сендірді.