Қауіпсіз еңбек айлығы “Қызылордажылуэлектрорталығында” жалғасты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен белгіленген Қауіпсіз еңбек жылы шеңберіндегі кездесулер жалғасуда.

«Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов «Қызылордажылуэлектрорталығы» коммуналдық мекемесінде жұмыскерлермен кездесіп, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Стратегиялық маңызы бар нысандағы жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғалымжан Қайырбергенов кәсіпорындағы еңбекті қорғау техникалық инспекторларының жұмыс барысынан әңгімелеп, жұмыскерлер кәсіподақ төрағасымен бөлімдердегі қауіпсіз еңбекті ұйымдастыру, жұмыс орынында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, күнделікті нұсқаулықтарды жүргізу бағыты мәселелерін ортаға салды.

2020 жылы кәсіподақтар бастамасымен әлемдік індетпен күресу барысында мекемеде арнайы медициналық бекет ашылған болатын. Арнайы бекетте медицина маманының тұрақты жұмыс жасауы бастамаланып, ұйымдастырылды. Қазіргі таңға дейін медициналық қарап-тексеру, алғашқы көмек дәрі-дәрмектерімен қамту кәсіподақ ұйымы мен кәсіпорын тарапынан бірлесе атқарылып келеді, тиісінше бұл қабылданған шара өндірістегі жазатайым жағдайлардың алдын-алуға септігін тигізуде.