Кезекті кездесу «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Әлем-БТ» ЖШС-ның шұлық жасау фабрикасының ұжымында өтті.
«Әлем БТ» өндіріс орны жұмысын 2015 жылы бастаған. Қазіргі таңда фабрикада 200-ге жуық адам еңбек етеді. Өндірілген өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа шығарылса, 30%-ы экспортталады. Бір қызығы, «Әлем БТ» ЖШС тоқыма фабрикасында бір шұлық небәрі 10 секундта тоқылады екен.
Кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов өткізді. Жиын барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында түсіндірме жүргізіліп, кәсіби аурушаңдықтан сақтау, қауіпті еңбек жағдайларын алдын алу жолдарына талқыланды. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы, өндірістік жарақаттану, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, қауіпті жағдайлардың алдын алу туралы түсіндірме берілді.