Қызылордада «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорны серіктестігінде Ұжымдық шарттың орындалуы дауға айналды. Қызылорда қалалық соты өткен жылдың желтоқсан айында серіктестіктің кәсіподақ ұйымының жұмыскерлер жалақысын индекстеу бойынша төлем жүргізу есебі көрсетілген хаттаманың күшін жою және компанияға ұжымдық шартта көрсетілген төлемнің бір айлық жалақы көлемінде жүргізілуін міндеттеу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты.
2023 жылғы 31 наурызда Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы компанияның кәсіподақ ұйымының қалалық сот шешіміне келтірген аппеляциялық шағымын ішінара қанағаттандырды.
Атап айтқанда, аппеляциялық сатының қаулысымен жұмыскерлерге жалақының индекстелуінің есептелу тәртібі көрсетілген «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорынының басшылық құрамының 2022 жылғы 15 тамыздағы хаттамалық шешімінің күші жойылды. Аталған хаттамалық шешімде төлемнің дұрыс есептелмеуі жұмыскерлердің сотқа шағымдануының негізгі нысаны болды.
2021 жылғы 5 қаңтарда жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында қабылданған келісімге сәйкес компания қаржылық-экономикалық жағдайының жақсарған жағдайында жұмыскерлер жалақысын индекстелуіне уағдаласқан. Ұжымдық шартта компанияның жұмыскерлерге 2021 жылғы инфляция деңгейін ескере отырып төлемақы төлеуді жүргізетіндігі, төлемақы 2021 жылдың соңында сыйлықақы түрінде төленетіндігі белгіленген.
2022 жылғы тамыз айында ғана Ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің аталған талапты орындамауына жұмыскерлердің жаппай наразылығы туындаған соң компания төлем жүргізген. Дегенмен, төлем мөлшеріне жұмыскерлер қанағаттанбады. Компания жұмыскерлерге айлық жалақыларын 2021 жылғы инфляция деңгейі 8,4 пайызға көбейтіп, әр жұмыскерге 10-13 мың теңгенің көлемінде төлем жүргізді.
Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі сот отырыстарына үшінші тұлға ретінде тартылып, жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында жасалған Ұжымдық шарттың орындалуы бойынша компанияның кәсіподақ ұйымының заңды талабын қолдауда. Бірнеше айларға созылған сот отырыстарына «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов қатысып, бастауыш кәсіподақ ұйымына құқықтық жетекшілік жасады.
Компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Айбек Әбдреев кәсіподақ ұйымы облыстық сот Қаулысына сәйкес жұмыс берушіден индекстелу төлемінің дұрыс есептеліп, толық көлемде төленуін талап етуді жалғастыратынын айтып, заң талаптары орындалуының үстемдік алатынына үш жүзден аса жұмыскерлер атынан сенім білдіретіндігін жеткізді.