«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің «Алматы электр станциялары» АҚ «Энергия» жергілікті кәсіподағының мүшелерімен кездесуі өтті. Кездесуге «Энергетика» жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшелері, жұмыс берушінің өкілдері, «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас қатысты.
Кездесуді ашқан «Алматы қалалық кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Зәуреш Өмірбаева салалық кәсіподақтар филиалдары мен жергілікті кәсіподақ ұйымдарының қала кәсіпорындарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарына күнделікті мониторинг жүргізетінін атап өтті. Бүгінгі күні кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленіс ошақтарының пайда болу қаупі жоқ: еңбекақы уақтылы төленеді, кәсіпорындардағы жағдай тұрақты, кәсіподақ комитеттерінің тұрақты бақылауында.
Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Қауіпсіз еңбек» жылында салалық кәсіподақтар филиалдары мен жергілікті кәсіподақ ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша түрлі іс-шаралар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, оқу семинарлары жоспар бойынша өткізіледі, өндірістік жарақаттануларға талдау ай сайын жүргізіліп отырады.
«Алматы электр станциялары» АҚ «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымының кәсіподақ мүшелерінің жұмыспен қамту, еңбекақы және демалыс, еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында атқарып жатқан жұмыстары туралы төраға Серік Тымбасбаев баяндады.
«АлЭС» АҚ еңбек және еңбекке ақы төлеу бөлімінің басшысы, компанияның келісу комиссиясының төрағасы Ю.Шашкин компанияда 2022 жылдың шілде айында қабылданған 2022-2025 жылдарға арналған ұжымдық шарттың талаптары қамтылған көрсетіліммен таныстырды. Ол «АлЭС» АҚ ұжымдық шарт талаптарына сәйкес жыл сайын 1 қаңтардан бастап компания қызметкерлерінің жалақысын инфляция дәлізінің орташа мәніне пропорционалды индексациялайтынын атап өтті. Осылайша, 2021-2023 жылдар ішінде компанияда жалақы деңгейі мен оның ең төменгі мәнін индекстеу динамикасы 46,4%-ды құрады. Сонымен қатар, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы орташа жалақы мөлшерінде, дегенмен, айына 30 АЕК-тен аспайды. Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту үшін екі еселенген төлем жүргізіледі. Сонымен қатар, жұмыс беруші «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымының есеп айырысу шотына жалақы қорынан 0,5% көлемінде қаражат аударады.
Жұмыс берушінің өкілі ретінде сөз алған Юрий Викторович «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымына әлеуметтік әріптестіктің ортақ міндетін – барлық тараптардың мүдделерін объективті ескере отырып, «АлЭС» АҚ еңбек ұжымында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жауапты және сындарлы өзара іс-әрекеттері үшін алғысын білдірді.
«АлЭС» АҚ өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы А.Иржанова кәсіпорында қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін шешу жолдарымен таныстырды. Айсұлу Қылышбайқызы 2022 жылы «АлЭС» АҚ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары жұмыс орындарына 167 тексеру жүргізіп, оларда еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарының 329 бұзушылықтары анықталғанын атап өтті. Барлық анықталған заңбұзушылықтар уақтылы жойылған.
Техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру және көтермелеу үшін кәсіпорынның қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңесінің шешімімен 2023 жылдың 1 тоқсанынан бастап еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем тұрақты негізде тоқсан сайын 1 рет жүргізіледі.
2013 жылы құрылған жастар ұйымының қызметі туралы «АлЭС» АҚ адами ресурстар басқармасының басшысы Дарья Шайжанова айтып өтті. Ұйымның құрылу мақсаты жастарды компанияның әлеуметтік және корпоративтік өміріне тарту болды.
Жиын барысында сөз алған «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас жергілікті кәсіподақ ұйымының қызметіне, оның жұмыс берушімен тығыз қарым-қатынасына оң бағасын берді. Сондай-ақ, энергетиктердің жалақысын арттыру мәселесі салалық кәсіподақтың басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
«Өткен жылда Қазақстанда 80-нен астам еңбек дауы орын алды, оның басты себептерінің бірі – жалақының төмендігі. Біз үнемі ең төменгі жалақыны көтеруді талап етеміз. ХЕҰ Кейтц индексін бекітті. Бұл – ең төменгі жалақының орташа жалақыға қатынасы, ол азаматтардың табысындағы әлеуметтік теңсіздік деңгейін көрсетеді. Мәселен, Қазақстанда бұл – 23%, Ресейде – 24%. Бұл – ең төменгі көрсеткіштер. Ал Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде – 57%, Францияда – 55% және АҚШ-та – 32%. Жалақы еңбеккердің өзінің ғана емес, оның отбасының да лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететіндей болуы керек», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары еңбеккерлерді әлеуметтік қолдау саласында Федерация қол жеткізген жетістіктерді де атап өтті.
«2022 жылы кәсіподақтар еліміз үшін маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды, ең төменгі жалақы өсті және әлі де артады, ақырында, ең төменгі жалақыны анықтау, оның ішінде оны индекстеу әдістемесін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы қолдау тапты. Кәсіподақтардың ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру Президенттің кәсіподақтардың ұстанымын ашық әрі біржақты қолдауының арқасында жүзеге асырылғанын ерекше атап өткім келеді», – деді Мұхтар Бәкірұлы.
Сондай-ақ, ол «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізілген кездесулердің маңыздылығын айта келе, «Энергия» жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшелеріне, жұмыс беруші өкілдеріне еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында бірлескен белсенді жұмыстары үшін алғысын білдірді.