Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясымен белгіленген «Қаупісіз еңбек жылы» шеңберінде салаларда бастауыш ұйымдармен кездесулер өтуде. Ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Толыбай Жүсіпов Қызылорда гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы ұжымымен кездесіп, ұжыммен еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Сәуір айының 28-і Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Елімізде бұл күнді кәсіподақтар жылда атап өтеді. Кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидаттарының бірі жұмыскерлердің еңбегін қорғау, қауіпсіз еңбекті ұйымдастыруға жәрдемдесу, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше мән беруіне ықпалдасу болып табылады», – деп тоқталды кездесуде кәсіподақ төрағасы.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның басшысы Азамат Мүсіреп жұмыскерлердің жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарды мүлтіксіз сақтауы маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, жұмыскерлерді жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға жәрдемдескені, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі оңтайлы ұсыныстары үшін ынталандыруды қарау туралы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.