Қызылорда қалалық соты кәсіподақ ұйымының талабын қанағаттандырды

«ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорыны жұмыскерлерінің кәсіподақ ұйымының жұмыс берушіге Келісу комиссиясы ережесін қабылдауды міндеттеу туралы талабын қанағаттандырды.

Бұған дейін жұмыс берушіге Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасымен бұзушылықты жою туралы ұйғарымы табысталған болатын. Компания еңбек заңнамасы бойынша жұмыскерді келісу комиссиясының жұмысы туралы келісіммен таныстыру міндетін орындамай, бір жақты Ереже қабылдаған. Мұнымен келіспеген серіктестіктің кәсіподақ ұйымы еңбек инспекциясына жүгінуі арқылы, заң бұзушылық анықталып, жұмыс берушіге әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынған.

Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексіне сәйкес келісу комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, келісу комиссиясы мүшелерінің қатарынан төраға мен хатшыны сайлау тәртібі, келісу комиссиясына өтініш беру тәртібі, келісу комиссиясының жұмыс тәртібі мен регламенті, келісу комиссиясының шешім қабылдау тәртібі мен оның мазмұны, келісу комиссиясы мүшелерінің өкілеттік мерзімі, оның мүшелеріне кепілдіктер беру туралы ережелер және келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі өзге де мәселелер Келісу комиссиясының жұмысы туралы келісімде не ұжымдық шартта белгіленеді.

Жұмыс берушінің жеке еңбек дауларын қарайтын келісу комиссиясы жұмысы туралы кәсіподақ ұйымы ұсынған, тараптар арасында талқыланған келісімді қабылдамауы сол өткен жылдың қыркүйек айынан бері жалғасты.

Серіктестік жұмыскерлерінің кәсіподақ ұйымына құқықтық көмек көрсетіп, сот отырыстарына үшінші тұлға ретінде тартылған «Yntymaq» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетов сотқа дейін де осы дау бойынша келіссөздер жүргізілгенін, алайда тараптар бітімгершілікке келе алмағаны туралы айтты.

«Қалай болғанда, келісу комиссиясының ережесі екі тараптың ұсыныс негізінде бекітіледі, 18 сәуірден бастап еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді, сот шешіміне сәйкес жұмыс беруші ережені қабылдауы тиіс»ғ – деп түсіндірді кәсіподақ төрағасы.