Теміржолшы техникалық инспекторларға арналған семинар-кеңес өтті

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінде еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық инспекторларға арналған семинар- кеңес өтті.

Аталған семинарға Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, «Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филалы төрағасы Бауыржан Ахметов қатысты.

Семинардың алғысөзін алған бөлімшенің бас инженері Берік Бекжанов жұмыс орындарында жазатайым жағдайлардың алдын алу, еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысынан ақпарат берді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов ағымдағы жылдың Кәсіподақтар федерациясымен «Қауіпсіз еңбек» жылы болып белгіленгендігін атап өтіп, еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне аса мән беру қажеттілігі мен бұл мәселеде жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара ынтымақтастығы, жеке жауапкершіліктері турасында әңгіме өрбітті.

Облыстық салалық кәсіподақ төрағасы Бауыржан Ахметов бөлімшеге қатысты мекемелерде жазатайым жағдайлардың орын алмауы, еңбек қауіпсіздігі сақталуының оң нәтижелері кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестер тарапынан ынталандырылып, сыйақылар берілетіндігіне, қауіпсіздік заңнамаларына оқыту жұмыстарының жүргізілетіндігіне тоқталды.

Семинар барысында Түркістан қаласы мен Сексеуіл станциялары арасындағы бөлімшеге қатысты мекемелердің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі техникалық инспекторлары тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер мен заң талаптары орындалуы, жұмыскерлермен қауіпсіздік шараларының сақталуы, жұмыс орындарының қауіпсіз ұйымдастырылуы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара соңында үздік техникалық инспекторлар марапатталып, еңбекті қорғау мамандарына Алғыстар табысталды.