Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың “PetroChina” вице-президенті, атқарушы директоры, Президенті Хуан Юнчжанмен кездесуі барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ дамуының өзекті мәселелері қаралды. Кездесуге Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.
Құрамына CNPC өкілдері енген делегация Қазақстанға іс-сапары аясында аймаққа келді.
Облыс әкімі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» өңірдегі ірі жүйе құраушы кәсіпорынның үлесіне мұнай саласында өндірілетін өнімнің 60%-ы және газдың 75%-ы тиесілі екенін атап өтті. Компанияда және оның құрылымдық бөлімшелерінде 6500-ге жуық қызметкер, мұнай мен газды барлау, ұңғымаларды бұрғылау және техникалық қызмет көрсету бойынша мердігерлік компанияларда 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Ералы Тоғжанов жедел шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелерді айтты. Олардың қатарында Көкжиде жерасты суларының ластануына жол бермеу, өндірістегі жарақаттанудың алдын алу, инвестицияларды ұлғайту бар.
Кәсіподақ төрағасы А.Әмірғалиев «СНПС-Ақтөбемұнайгазда» және еншілес компанияларда барлығы 12 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін, олардағы жұмысшылардың лайықты жалақы алулары мен еңбек қауіпсіздігіне ұдайы көңіл бөлу керектігін айтты. Көп жағдайда еңбек даулары өңірдегі мұнай-сервистік компаниялардағы жұмысшылардың жалақыға көңілдері толмауынан туындайды.