Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Кәсіподақтар үйінде елордалық теміржолшылар мен кәсіподақ ұйымы төрағаларына арналған «Кәсіподақтар қауіпсіз еңбек үшін» атты семинар өтті. Семинарды Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы және “Қазкөліккәсіп” филиалы «Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
Алғы сөз алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев: «Бүгінгі семинардың тақырыбы өзекті және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы құқықтық білімді арттыруға, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шараларды қабылдауға және еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан осы семинарда айтылған ұсыныстарыңыз бен алған білімдеріңіз сіздер үшін маңызды», – деп атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы мемлекеттік органдар және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік қағидаттарын ұстана отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайтуға және өндірістің дамуы, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз етуге атсалысады», – деп толықтырды Н.Өтешев.
Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов елордадағы өндірістік жарақаттану жағдайы бойынша баяндады.
Астана қаласында соңғы үш жыл ішінде 163 жазатайым оқиға болған. Соның ішінде 45 адам қаза тауып, 118 адам ауыр жарақат алыпты. Өндірістік жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, еңбекті қорғау жөніндегі қызметкерлерді даярлауды ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктер, көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, ақаулы жабдықтардың болуынан екендігін жеткізді.
102 жағдайда жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс берушінің 100% кінәсін, ал қалғандарында тараптардың аралас жауапкершілігін анықтаған. Әсіресе, өндірістік жарақаттану мен қаза тапқан жазатайым оқиғалар құрылыс нысандарында орын алып отыр.
Жұмыскерлер қаза болған 28 ұйым мен кәсіпорында кәсіподақ жоқ болса, ал өндірістік жарақаттану жағдайлары тіркелген 16 ұйымда кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді.
«Нөлдік жарақаттану бағдарламасын енгізген «ҚТЖ» ҰК АҚ» еңбек қауіпсіздігін басқарудың жаңа деңгейіне көшуге және өндірісте кез-келген жазатайым оқиғаның деңгейін төмендетуге мүмкіндік алды.
Осы серпінді жоба – қауіпті жұмыстың кез келген белгілеріне ұтқырлықты, негізділікті және жауап беру жылдамдығын қамтамасыз етеді.
«Автоматтандырылған жүйе әрбір қызметкерге кез келген оқиғаны, оның ішінде салдарсыз оқиғаны, қауіп-қатерді, әрекет пен жағдайларды немесе қауіпті жұмыстарды тоқтату құқығын мобильді құрылғыға тіркеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Астана» темір жол торабы кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Сәрсекеев.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру және еңбекті қорғауды күшейту аясында Кәсіподақтар федерациясы елдегі өндірістік жарақаттанудың жай-күйі туралы кәсіподақ талдауын жүргізеді, кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша жол карталарын әзірлейді және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастырады.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің бас сарапшысы Марат Имаш еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, оның ішінде жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін, еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімді тексеру қағидаларын және т.б өзекті мәселелерді түсіндірді.
Отырыстың соңғы бөлігінде қатысушылар іс-шара спикерлеріне сұрақтар қойып, өз мекемелерінде еңбекті қорғауды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасты. Сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуды, еңбек тәртібін сақтауды бақылауды күшейту және қызметкерлердің еңбекті қорғау талаптарын оқыту мен білімін тексеруді жүргізу бөлігінде ұсынымдар берілді. Барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.