Кәсіподақ Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай байқау ұйымдастырды

Жылдағы дәстүр бойынша 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Қауіпсіз еңбек – әрбір адамның құқығы» деген аталыммен техникалық инспекторлардың білімі мен біліктілігін арттыру, пысықтау мақсатында байқау өткізілді. Білімі мен іс-тәжірибесін өндірісте ұштастыра білген үздік деп танылған техникалық инспекторлар арнайы диплом және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Зауыт тарапынан өндірістік қауіпсіздікті сақтау, еңбек және денсаулықты сақтандыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелері – әрдайым басты назарда. Кәсіподақ ұйымының басты бағыты – өндірістегі техникалық инспекторлардың білімі мен біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 33 техникалық инспектор жұмысы істейді. Олардың өндірістегі іс-тәжірибесімен қатар білімдерін толықтыра отырып, өндірістік жарақаттың алдын алу, еңбек заңнамасын бұзушылығын анықтау мақсатында техникалық инспекторларымен бірлескен ауқымды жұмыстар жақсы жолға қойылған.

Жылдағы үрдіс бойынша еңбекті қорғау күніне орай кәсіподақ ұйымының бастамасымен өндірістегі техникалық инспекторлар арасында «Үздік инспекторлар» сайысы өтті. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залына жиналған инспекторлар «Қауіпсіздік – балалар көзімен» тақырып аясында зауыт балаларының салған суреттерін тамашалап, өздеріне ерекше бір қуат алғандай әсермен сайысты бастап кетті. Қақ төрден орын алған LED экраннан өндірістегі қауіпсіздіктің алдын-алу шаралары жайлы түсірілген бейнероликтер байқаудың мазмұнын аша түсті.

Қауіпсіздік талаптарының сақталуына атсалысып жүрген 11 цех ұжымының өкілдері байқаудың 4 шарты бойынша білімі мен біліктілігін, тапқырлығын, жылдамдылығын ортаға салды. Билеттегі сұрақтарға нақты әрі жылдам жауап беру, арнайы белгілер арқылы қауіпсіздіктің алдын-алу, жазатайым оқиға орын алған кезде көрсетілетін алғашқы медициналық көмекті практика жүзінде көрсету тапсырмаларын орындады.

Кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары Жиенай Тілешев, кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі координаторы Бейбіт Нұртаев, АФЗ медицинамен қамтамасыз ету жөніндегі координатор Қайдар Базарбаев сынды өз ісінің хас шеберлері төрелік жасады. Сайыс 5 балдық жүйе бойынша бағаланды. Байқаудың барлық шарттарын орындап, ең көп ұпай санымен алға шыққандардың қатарында электростанцияның инспекторы Павел Подопригор 1-орынға қол жеткізсе, 2-орынды шикіқұрам дайындау цехынан Данабек Макашев місе тұтса, 3-орынды №2 балқыту цехының инспекторы Жаңабай Орынғалиевтің еншісіне тиді. Осылайша техникалық инспекторлардың білімі мен іскерлігі сараланды. Жеңімпаздар арнайы диплом және ақшалай сыйақыға ие болды.