«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ «Алматы магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Алтынкөл жол дистанциясындағы бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн форматта кездесті.
Іс-шараға «Алматы облысының кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы Әсет Қыдырманов, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Алматы облысының АКБ төрағасы Әсет Қыдырманов Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылды – «Қауіпсіз еңбек» жылы деп жариялағанын атап өтті. Осыған орай жұмыс жоспары жасалып, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының барысы мен еңбек заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ҚРКФ бастамаларын атап өтті.
Айта кету керек, мекемеде кәсіподақ мүшелеріне лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселесі басты орынға қойылған. Уақтылы еңбекақы төлеу, еңбек демалысына мерзімінде шығу, әртүрлі жағдайларға байланысты жұмыскерлерге көмек көрсету мәселелері толыққай реттелген. Бұл туралы «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ «Алматы магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Алтынкөл жол дистанциясындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзат Әлмұратқызы айтып өтті.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы «Алматы магистральдық желі бөлімшесі» филиалы теміржол саласының магистральдық инфроқұрылымдарды байланыстыратын, қозғалыс қауіпсіздігін қатаң сақтайтын, өз құзырында жол, станция, байланыс, электр желісі мен байланыс желісін, сонымен қатар, вокзал шаруашылығы, әлеуметтік қызмет көрсету бөлімі, қалпына келтіру поездары мен өртке қарсы қызмет көрсету салаларынан тұратын ұжым екендігіне тоқталды. Еңбек ұжымы 784 адамнан тұрады. Мекеменің әкімшілігінде 10 бөлім және қосалқы 8 бөлім бар, бөлімдегі қызметкерлердің барлығы – кәсіподақ ұйымының мүшелері.
Кәсіподақ мүшелері Ұжымдық шартқа сәйкес көптеген көмек түрлерімен, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша арнайы киім, аяқ киім және қорғаныс құралдарымен қамтылып отырады. Сонымен қатар, алшақ станциялардың жұмыскерлеріне арнайы тұрғын үйлер бөлінгенін айта кетті.
Кездесу барысында қамтылған тағы бір мәселе – төрт күндік жұмыс аптасы болды. Айта кетерлігі, Қазақстанда 2023 жылдың шілдесінен бастап төрт күндік жұмыс пайда болады. Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді.
Кездесуге қатысушылар осы мәселе төңірегінде ой қозғады. «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев аталмыш норманың қандай да бір күрделіліктер тудырмауы тиістігі туралы пікір білдірді.
«Біздің салада еңбеккерлер күндіз-түні жұмыс істейді. Сол себепті бұл норманы енгізу үшін жұмыс технологиясына, оның күрделілігіне қарау керек. Бір айтарым, кәсіподақ бар жерде, қандай да бір заңбұзушылықтарға жол берілмейді. Кез келген еңбектің лайықты төленуін қадағалайтын боламыз», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев салалық кәсіподақтың жұмысына жоғары баға беріп, кездесудің маңыздылығын атап өтті.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен осы жылды қауіпсіз еңбек жылы аясында өткізудеміз. Себебі, біз үшін ең өзектісі, маңыздысы – адам өмірі. Еңбеккердің денсаулығы мен өмірін сақтау жолында күш-жігерімізді біріктірдік. Бұл орайда өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселесіне жіті көңіл бөлінеді», – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасының орынбасары.