2023 жылдың 28 сәуір күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған семинар-кеңес өткізілді.
Аталған жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, әлеуметтік әріптестік тараптары – еңбек инспекциясы басқармасының, мүдделі басқа да облыстық басқармалардың, кәсіподақ ұйымдары өкілдері және ірі кәсіпорын ұйымдарының басшылары мен еңбек қауіпсідігі бойынша техникалық инспекторлар қатысты.
Жиынды облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов ашты.
Кеңесте сөз сөйлеген «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Бахтияр Қараулов қауіпсіз және лайықты еңбек мәселесі кәсіподақтардың назарынан еш уақытта түскен емес. Өткен жылы елімізде 1232 жазатайым оқиға тіркеліп, оның салдарынан 1465 адам зардап шеккен, оның 203 адам өліммен аяқталса, 897-сі ауыр, 365-і жеңіл жарақат алған. Жамбыл облысында өткен жылы 36 жазатайым оқиғаларда 46 жұмысшы зардап шегіп, 13 адам қаза болған деп нақты ақпаратты ортаға салды. Еңбек қауіпсіздігін сақтап, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге қатысты еліміздің Кәсіподақтар Федерациясы Үкімет пен Еңбек министрлігі деңгейінде техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттілігін арттыру, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын арттырып, олардың өкілеттігін жергілікті әкімшіліктен Еңбек министрлігіне өткізу, «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық инспектор» форматындағы бірлескен тексерулер жүргізу, халықтың кәсіби аурулар мен улану барысында тергеп-тексеру кезіндегі тәртібін бекіту сияқты өз ұсыныстарын бергенін де жеткізді.
Одан бөлек, кеңесте ірі кәсіпорындардың жауапты тұлғалары, яғни «ИнтергазОрталық Азия» АҚ «Тараз» филиалының, «Жамбыл Су» кәсіпорнының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшылары осы бағытта атқарылып отырған жұмыстары жайлы баяндады. Кәсіподақтар тарапынан еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Казфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфор заводының еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық инспекторы Жұлдыз Аширалиева баяндады.
Сонымен қатар, қатысушылармен бірге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Жиынды қорытындылаған Н. Календеров еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның ұдайы назарында болып отырғанын айтып және бұл мәселеге жұмыс берушілер баса назар аудару керек екенін жеткізді.
Жиын соңында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жауапты бірнеше белсенді мамандар мен техникалық инспекторлар облыс әкімінің, еңбек инспекциясы басқармасы мен кәсіподақтар бірлестігінің марапаттарымен марапатталды.
Еңбек адамының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық уақытта маңызды болатынын ескерсек, осы мәселені назардан тыс қалдырмауға шақыратын осындай жиындар алдағы уақыттарда да тұрақты өткізілетін болады.