Биыл 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінде Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының өкілдері “Казхром” ТҰҚ” АҚ Ақтөбе филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандарының еңбегін ерекше атап өтті.
ҚРКФ биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялап, бірқатар ауқымды шараларды қолға алған болатын. Осыған орай Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы да салалық, жергілікті және бірлескен кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста жұмысты жалғастырып, еңбекті қорғау мен өнеркәсіптегі қауіпсіздікке қатысты көптеген ауқымды жұмыстарға белсенді үлес қосуда. Жалпы биыл Ақтөбе облысында жыл басынан бері 18 жазатайым оқиға болып, 3 адам қаза тапты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға артық.
«Казхром» ТҰҚ АҚ мекемелерінде қауіпсіз еңбек жағдайлары жақсы ұйымдастырылған. Бұрын енгізілген «Халықтық бақылау» жобасымен бірге әр цехта « Дабыл қораптары» орнатылған.
Бір айта кетерлігі, мұнда жұмысшылар, егер еңбек кауіпсіздігі ережелері сақталмағанын байқаса, дереу оны сигнал, яғни дабыл парағы ретінде толтыра алады, еңбек кауіпсіздігінің алдын алуда қырағылы үшін оларға, яғни әрбір дабыл парағы үшін 2 айлық есептік көрсеткіш қосымша жалақыға үстеме ала алады. Қазіргі уақытта «Кайдзен 5S » жүйесін өндіріске енгізу қарастырылуда. Мақсаты — қажетті операцияларды орындау үшін оңтайлы жағдай жасау.
Жиын соңында үздік техникалық инспекторлар Жұмағали Даржанов, Айдарбек Мақатов және Сергей Бочкаревке жұмыстағы жетістіктері үшін алғыс хат табыс етілді.
“Кәсіподақ қашанда еңбек адамының құқығы мен мүддесін бірінші орынға қояды. Жұмысшылардың денсаулығы мен өмірінен құнды ешнәрсе жоқ. Компанияның табыстылығы – қызметкерлерлің қауіпсіздік талаптарын орындауына байланысты. Әр компанияның негізгі мақсаты – жұмысшыларға дұрыс жағдай жасап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, – деп атап өтті үздік техникалық инспекторларды құттықтаған Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.