“SENIM” кәсіподағының өңіраралық оқу семинары өтті

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орналасқан «Шипа» шипажайында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастыруымен кәсіподақтардың өңіраралық екі күндік семинар оқулары өтті. Қызылорда облысы және Шымкент қаласының кәсіподақ белсенділерін топтастырған өңіраралық семинарға республикалық қоғамдық бірлестіктің төраға кеңесшісі Дина Бақытжанқызы, Қызылорда облыстық филиал төрағасы Асылхан Аблайханұлы және Шымкент қаласы филиалы төрағасы Ерқозы Тілеуханұлы қатысты.

Семинар барысында еңбек заңнамасы және медицина қызметкерлерінің қызмет бабындағы құқықтары, денсаулығы бойынша медициналық көмекке жүгінушілермен қарым қатынастың құқықтық реттелуі талқыланды.


Кәсіподақ белсенділеріне оқу барысында жұмыскерлердің Ұжымдық шартқа қосылу тәртібін, оның құқықтық қорытындысын, Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерді, еңбек дауларын қарау тәртіптері бойынша заң жаңалықтары туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева әңгімеледі. «Еуро Азиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Акшегирова медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғау механизмін жасау, қызметкерлер мен пациенттердің қарым-қатынасын құқықтық реттеу бойынша медиацияны қолдану тәртіптері туралы дәріс оқыды.

Екі күндік семинар қорытындысымен семинар қатысушыларына «SENIM» кәсіподағының Сертификаттары табысталды.