Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысына Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Д.Умаргалиев, КПО б.в. бас директорының орынбасары М.Манкеев, комиссия мүшелері, КПО б.в. компаниясының мердігерлерінің басшылары және комиссияның тұрақты мүшесі, БҚО «Кәсіподақтар орталығының» төрайымы Айгүл Есекенова қатысты.
Комиссия отырысы барысында Қарашығанақ жобасындағы әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларының алдын алу жұмыстарын күшейту, мұнай-газ кәсіпорындарында еңбек дауларының алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізу тақырыптары талқыланды.
Облысымыздағы ірі жұмыс беруші – КПО б.в. компаниясы мен 3 кәсіподақ ұйымы арасында жасалған ұжымдық шарт бар, бұның ішінде екеуі ірі кәсіподақ болып табылады.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы мен оған қызмет көрсететін мердігер компаниялардағы кәсіподақтарда жалпы саны 3418 адам бар.
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап КПО компаниясы мен мердігер компанияларда қолданыстағы ұжымдық шартқа сәйкес индексациялау жүргізіліп, нәтижесінде жұмысшылардың еңбекақысы 20 пайызға дейін өсті.
2021 жылдың аяғында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қызметкерлерінің кәсіподақтары 2022-2024 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт жасасты.
Қазіргі уақытта өңіріміздегі мұнай сервис компанияларында кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстары жүргізіліп, ұжымдық шарттардың сапасын жақсарту, аталмыш мекемелерге әлеуметтік бағыт беріп, жұмысшы сұрақтарына, сонымен қоса тараптардың ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.