Қызылордада медицина қызметкерлерінің 55-ші спартакиадасы бастау алды

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастыруымен жыл сайынғы үрдіспен өтетін медицина қызметкерлерінің спартакиадасы биыл 55-ші рет ашылды.

2023 жылғы аталмыш спартакиада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының ардагері Дәуітбаева Сара Төлегенқызының 90 жылдығы және Қызылорда жоғары медициналық колледжінің 95 жылдығына арналуда. Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсіміне аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асылхан Аблайханұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Олжас Искаков, медицина саласының ардагерлері, емдеу мекемелерінің басшылары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділері қатысты.

Спорттық жарыста сала қызметкерлері 8 түрлі ойындарда күш сынасады. Қызметкерлердің спортпен шұғылдануы, денсаулығын шыңдау және ұжымдастардың командалық рухын көтеру мақсатындағы спартакиада көптеген жылдар бойы өз жеңімпаздарын анықтап, сала қызметкерлері үшін ауқымды мерекеге айналып келеді. 55-ші рет бастау алған спорттық дода спартакиаданың ашылу салтанатынан соң арқан тарту сайысымен жалғасты.