18-19 мамырда Астанада Орталық Азия елдері Кәсіподақтар Кеңесінің ұлттық кәсіподақ орталықтары кәсіподақ командаларының футзалдан «CTUCA CUP – 2023» екінші халықаралық турнирі өтті.Екі күн бойы Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының командалары турнирдің бас жүлдесі – “CTUCA CUP” кубогын сарапқа салды.
Ойындар айналым жүйесі бойынша өтті, оның қорытындысы бойынша негізгі финалистер – Қазақстан мен Өзбекстан кәсіподақтарының командалары анықталды.Финалдық ойында 3:1 есебімен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының командасы жеңіске жетті.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы командасының ойыншылары турнирдің күміс жүлдегерлері атанды. Үшінші орын Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының командасына бұйырды.Екі күннің қорытындысы бойынша түрлі номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталды.«Үздік қақпашы» номинациясында Қазақстан құрамасының ойыншысы Рауан Атантаев жеңімпаз деп танылды.
«Үздік қорғаушы» номинациясында Қырғызстан құрамасының ойыншысы Мұрат Асанбаев. «Үздік шабуылшы» номинациясында Тәжікстан құрамасының ойыншысы Ильхом Баротов жеңіске жетті. Турнирдің үздік ойыншысы болып Өзбекстан құрамасының мүшесі Азиз Маматов танылды. «Көрермендер көзайымы» жүлдесін Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясының ұжымы алып кетеді.«Жеңіске деген жігері үшін» кубогы Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясына бұйырды.
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек халықаралық турнирдің өткізілуін құптап, келесі жылы ойындарға жаңа қатысушылардың келетініне сенім білдірді.Ол өз тарапынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі CTUCA CUP турнирін өткізуге қолдау көрсетіп, оны дамытуға көмектесетініне сендірді.Жиналғандарға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстанда футболдың дамып келе жатқанына ерекше тоқталып, кәсіподақтардың бұқаралық спортты дамытуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.
ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин турнир қатысушылары мен жеңімпаздарын құттықтап, қазіргі жарыстар бауырлас халықтар – Орталық Азиядағы мүше-мемлекеттер кәсіподақтары достығының, қолдауы мен ынтымақтастығының тағы бір жарқын үлгісіне айналғанын атап өтті. «Соңғы екі күнде біз лайықты ойындардың, керемет комбинациялардың және жарқын голдардың куәсі болдық. Әр команданың өзіндік стилі бар. Кәсіподақтар әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, спортты дамытуды жақтап келеді. Біз белсенді өмір салтын ұстанатын шығармашыл және епті жастарды әрқашан қолдадық және қолдайтын боламыз. Жарысқа келген барлық командаларымызға сәттілік тілеймін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске салайық, бірінші халықаралық «CTUCA CUP» турнирі өткен жылдың қыркүйек айында Ташкентте өткен болатын. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының командасы бірінші турнирде Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының командасынан ұтылып, екінші жүлдені иеленді. Келесі “CTUCA CUP” турнирі Тәжікстанда өтеді деп күтілуде.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы