Сарыағаш ауданы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі базасында Түркістан облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері арасында ұйымдастырылған спартакиада өз мәресіне жетті.
Айта кетейік, байрақты бәсеке Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының демеушілігімен ұйымдастырылған болатын. Басты мақсат – салауатты өмір салтын ұстанып, салалық спортты дамыту.
Спорттың 5 түрінен өткен әрбір жарыс тартысты өтіп, жарысқа қатысушылар өздерінің жоғары дайындықпен келгендіктерін көрсетіп, белсенділіктерін танытты.
Спартакиаданың жалпы топтық қорытындысы бойынша командалық есепте I орынды Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі иемденді. Ал II орынды Дінмұхаммед Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжі иеленсе, III орын Көпсалалы индустрияалды техникалық колледжіне бұйырды.
Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан дүбірлі жарыс жеңімпаздарына Түркістан облысы білім басқармасының атынан сертификаттар, ал Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының атынан мақтау қағаздар мен кубоктар берілді. Сонымен қатар, ынталандыру ретінде ақшалай сыйақы үлестірілді.