БҚО Үйлестіру кеңесінің отырысында еңбек қатынастары мәселелері талданды

Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл  Есекенованың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты. Күн тәртібінде ҚРКФ Бас Кеңесінде қабылданған «2023 жыл – Қауіпсіз Еңбек жылы» аясында атқарылатын жұмыстар, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер ұйымдастыру және басқа да маңызды бағыттар қарастырылды.

Кеңесте сөз бастаған Айгүл Оразқызы «28 сәуір-Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» аясында өткен іс-шараларға қысқаша тоқталып, ондағы маңызды бөлімдерді атап өтті.

Айгүл Оразқызы өз сөзінде: «Өңіріміздегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымдарының барлығында ұжымдық шарттар бар және аталған құжаттың сапасын жақсарту, оларға әлеуметтік бағыт беру, жұмысшы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау сұрақтарына, сонымен қоса тараптардың ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Оған қарамастан , 2023 жылдың I тоқсаны бойынша өңірімізде 10 жазатайым оқиға тіркеліп, 1-еуі адам өлімімен аяқталды. Бұл көрсеткіш Еңбек қауіпсіздігінің барлық кәсіпорында бірдей сақталмайтынының , жүйеде олқылықтар бар екенінің белгісі болып табылады. Соған орай, өңірлік келісім аясында жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлескен жұмыс жүргізілуі тиіс», – деді.

«Батыс су арнасы» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» төрайымы Иликпаева Азилия: «Еңбеккерлер толық деңгейде сақтандырылмаған. Жазатайым оқиға орын алған жағдайда жекеменшік сақтандыру компанияларынан өтемақы алу мүмкіндігі аз, болған жағдайда, өте аз мөлшерде және белгіленген уақыттан кешіктіріліп беріледі. Сол себептен, жұмыс берушілер одағын құрыпу қажеттілігі туындап отыр», – деді.

Кеңес барысында Салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдары төрағалары Қауіпсіз еңбек жылы аясында өз саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, түйткілді мәселелермен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында Айгүл Оразқызы салалық кәсіподақ ұйымдарына жаңа бастауыш ұйымдарын құрудың маңыздылығын ескертіп, «Еңбек» депутаттық тобымен бірлесіп жұмыс атқаруға ұсыныс білдіріп, Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз», «Еңбек жолы» атты конкурстарға қатысуға шақырып, II жартыжылдыққа нақты тапсырмалар берді.