Сатыбалды Дәулеталин: «Металлургтердің зейнетке ерте шығу мәселесін шешу – кәсіподақ бақылауында»

24-25 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды. Сапар барысында ҚРКФ басшысы бірқатар өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысты, онда еңбек ұжымдарымен және әлеуметтік әріптестермен кездесті.

Сапардың бірінші нысаны Қазақстандағы қара металлургияның ең ірі кәсіпорны – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты болды. Металлургия саласының флагманы 4 балқыту цехы, конвертер бөлімі, қож өңдеу цехы және қосалқы құрылымдарды қамтиды. Негізгі қызмет түрі ферроқорытпалар өндіру болып табылады. Өнімнің негізгі тұтынушылары – Қытай, Еуропа және АҚШ.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 4140 адам жұмыс істейді, олардың барлығы «QAZAQMETAL KASIPODAGY» салалық кәсіподақ құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорындағы ұжымдық шарттың мазмұнымен, әлеуметтік әріптестер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуымен танысып, зауыттың 1 балқыту және 4 цехында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорын директоры Ержан Абдулабеков зауыт өз кадрларын дайындауға баса көңіл бөлетінін айтты. Оның айтуынша, «кайдзен командасы» құралын енгізу қызметкерлер ұсынған бірнеше инновациялық идеяларды қарастыруға, қолдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мысалы, жас шебер-технолог Берік Тәтиевтің идеясының арқасында зауыт пеш қуатын 75 МВт дейін жеткізе алды, 80 МВт жеткізу жоспарда бар.

«Кайдзен – бұл сапаны үздіксіз жақсартуға, технологияларды әзірлеуге және пайдалануға, корпоративтік мәдениетті енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қызметкерлер арасында көшбасшылықты дамытуға әсер ететін тұтас кешен», – деп түсіндірді кәсіпорын басшысы.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқайыр Сотқаров жұмыс берушімен қарым-қатынас туралы айта келіп, оларды сындарлы деп атады.

ҚРКФ төрағасымен әңгімелесу барысында қызметкерлер өздерін толғандырған мәселелер туралы да айтты. 10 жылдық тәжірибесі бар балқытушылар Азамат Сүлейменов пен Жарас Бекбосынов металлургтердің зейнетке ерте шығу мәселесі фабрика жұмыскерлерін алаңдатып отырғанын атап өтті. Айтуларынша, олардың еңбек жағдайлары кеншілердікідей қауіпті және зиянды.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин металлургтердің тілегін тыңдай келе, Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Қауіпсіз еңбек» жылында қазақстандық кәсіпорындардың еңбеккерлерінің, оның ішінде металлургтердің мүдделерін әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету кәсіподақтар қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылатынына тоқталды.

«Қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды, оның ішінде, металлургтерді мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығару мәселесін шешу кәсіподақтардың тұрақты талаптарының арқасында алға жылжыды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының аясында тиісті есептеулер жүргізілуде, нұсқалар қарастырылуда. Алдағы уақытта әлеуметтік әріптесіміз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан нақты ұсыныстар енгізілмек. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені шешудің бастамашысы ретінде жағдайды бақылауда ұстап отыр», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар еңбектің басқа да өзекті мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды күшейткенін атап өтті. Кәсіподақтардың барлық ұсыныстары республикалық деңгейде әлеуметтік әріптестерге берілген пакетке енгізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін әзірлеуге кірісті. Кәсіподақтар өз ұсыныстарын білдірді, қазіргі уақытта процесс қаралуда. Сонымен қатар, біз ең төменгі жалақы мөлшері туралы ХЕҰ-ның 131 конвенциясын жуық арада ратификациялау және жыл сайынғы жалақыны міндетті индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еңбек және кәсіподақ заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша тиісті түзетулер пакетін Федерация әлеуметтік әріптестерге жіберіп қойған», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Айтпақшы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпа зауытында токарьдың көмекшісі болып бастағанын айта кеткен жөн.

Еске салайық, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты елімізде бірінші болып «Халықтық бақылау» әлеуметтік жобасын енгізді, оның арқасында өндірісте зардап шеккен жұмыскерлер өз әріптестерінің денсаулығы мен өміріне қауіпті жағдайларды анықтау үшін өндірістік процесті бақылауға тартылуда. Қазіргі уақытта жоба еліміздегі бірнеше ондаған кәсіпорында сәтті жұмыс істеп жатыр. Кәсіподақтар федерациясы еңбек жағдайлары қауіпті барлық кәсіпорындарда «Халықтық бақылауды» енгізуге ықпал етпекші.

ҚРКФ медиаорталығы

Фото Куандык Тулемисов