Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин егіс алқабында болып, «Пригородный» ЖШС ауыл шаруашылығы фирмасының еңбек ұжымымен кездесті.
«СХФ Пригородный» ЖШС директоры Степан Гайдар мен кәсіпорын жұмыскерлері бұл күндері күндізгі уақытты егіс алқабында өткізуде, картоп егіліп жатыр. Басшының айтуынша, кәсіпорында 56 адам еңбек етеді, бастауыш кәсіподақ ұйымы 2000 жылы құрылған. Маусымдық кезеңде тұқым себу және жинау үшін қосымша 15-20 жұмыскер алынады.
Кәсіпорын Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорын көкөніспен негізгі жеткізуші және 8000 тоннаға дейінгі жеке көкөніс қоймасы бар өңірдегі ірі шаруашылық болып табылады. Кәсіпорын 2023-2024 жылдар аралығында тұрақтандыру қорына 200 тонна пияз, 200 тонна сәбіз және 700 тонна картоп жеткізуге міндеттенді.
Дегенмен, Степан Гайдардың айтуынша, көкөніс өсірушілер үшін өсірілген өнімдерді сату оңай емес.
«Облыстың ірі сауда желілері үшін өз міндеттемелерін орындау тиімді емес, өйткені біздің кәсіпорыннан өнімді сатып алғанда, олар 5 пайыздық үстеме ақы қоса алады. Олар үшін үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алып, 15 пайыздық үстеме ақы алу тиімдірек. Осы себепті 400 тонна сәбізді жоюға тура келді», – дейді агрокомпания директоры.
Бюрократиялық кідірістерге байланысты субсидиялар мен несиелер де кәсіпорынға әлі қолжетімсіз.
«Мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда министрлігіне хат жаздым, әлі жауап жоқ. Мүмкін сіз бізге көмектесерсіз, Астанада министрлермен кездесу сізге оңайырақ», – деп Степан Гайдар ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасынан көмек сұрады.
ҚРКФ басшысы Сатыбалды Дәулеталин Федерация әлеуметтік әріптестермен талқылап, бұл мәселені шешуге көмектесуге тырысатынын атап өтті. Әңгімені жалғастырған ҚРКФ төрағасы Қарағанды облысында іске қосылған «Кәсіподақтық сауда желісі» пилоттық жобасы туралы айтты. Жобаның мақсаты – делдалдардың тізбегін айналып өтіп, азық-түлік пен ең қажетті тауарларды өндірушілерден тұтынушыларға тікелей, делдалсыз жеткізу.
«Бір ғана мысал келтірейін: Қарағанды облысындағы кәсіподақтық сауда желісінде картоптың келісі 55 теңге, базардағы бағасы 190 теңге. «Әділ баға» – біздің пилоттық жобамыздың мәні. Қазақстанның басқа аймақтарында кәсіподақтық сауда желісін қамтуды кеңейту жоспарда бар. Ақтөбе облысына келетін болсақ, сіздің компанияңызды жобаға қатысуға шақырамын», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ал, «Пригородный» ауыл шаруашылығы» ЖШС-де өнімді өткізу мәселесіне байланысты еңбекақы кешіктіріліп, жұмыскерлер сәуір айындағы жалақыларын әлі ала қойған жоқ.
«Банктерге несие беруде кешігу бар. Көңіл-күй жоқ, жұмыс бар сияқты, бірақ өзімді жұмыссыз сезінемін», – дейді салада 43 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан кәсіпорын қызметкері Сергей Голубецкий.
Көкөніс өсіруші ардагерге моральдық қолдау көрсету мақсатында ҚРКФ төрағасы Федерация Сергей Голубецкийге несиелік міндеттемелерін өтеуге көмектесетінін айтты.
«Кәсіподақтар күн сайын барлық жерде әртүрлі салалардағы жұмыскерлердің құқықтарын қорғайды. Ал қиын өмірлік жағдайларда біз әріптестерімізді қолдауымыз керек. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ медиаорталығы