«Қазфосфат» Жаңа Жамбыл фосфор зауытында Химия өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай, химия өнеркәсібінің алыбы «Қазфосфат» ЖШС-нің салтанатты жиыны өтті.
Өңірдегі ең ірі бұл өндірістік кәсіпорында 7 мыңнан аса адам еңбек етсе, соның барлығы дерлік кәсіподақ мүшелері. Химия өнімдерінің 20 астам түрін өндіретін бұл өнеркәсіп серкесі елімізге ғана емес алыс-жақын шетелде де белгілі.
Салтанатты жиынға Жамбыл облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил және Жамбыл облыстық мәслихаты мен Тараз қалалық мәслихатының хатшылары арнайы қатысты.
«Қазфосфат» кәсіпорны еліміздің маңызды өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі ғана емес, өңірдегі әлеуметтік бағдарламаларды белсенді жүзеге асырып жатқан кәсіпорынға айналды. Оның ішінде: кәсіпорын қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету, жұмысшылардың жалақысын көтеру, қайырымдылық жобалары, аймақтарды абаттандыру және тағы да басқа көптеген шаралар бар. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жалақы 50 мың теңгеге өсті, ал 1 маусымнан бастап тағы 30 мың теңгеге көтеріледі, сонымен қатар жыл сайын еліміздегі инфляция деңгейінде жалақы көлемін арттыру көзделіп отыр», – деді «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Ғани Тоқсанбаев.
Салтанатты іс-шарада арнайы шақырылған ресми қонақтар мен облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов жұмысшыларды кәсіби төл мерекесімен құттықтап, марапаттар табыстады.