Астана қаласының Қоғамдық кеңесі елордалық қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығару және кәдеге жарату ұйымдарын аралады. Комиссия құрамында Қоғамдық кеңестің мүшесі, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов те болды.
«Экология мәселесі елорда тұрғындары мен қонақтарын толғандырады. Қала қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау және кәдеге жарату бөлігінде жаңа технологияларды талап етеді. 2018 жылы коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілді. Бұл бағдарламаның нәтижесі қандай? 16 мыңнан астам қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл сан қаланың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті ме? Осы және басқа да көптеген сұрақтарға қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату жөніндегі компаниялардың басшыларынан нақты жауап алу үшін келіп отырмыз. Көптеген тұрғындар экологиялық мәдениетке ие емес. Егер біз коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бірге құрметтейтін болсақ, қоқысты аз қалдырсақ, қаламыз таза әрі әдемі болады», – деп бөлісті Қоғамдық кеңестің энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Юсуп Келигов.
Қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинау, кәдеге жарату, құрамында сынап қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын ұйым «Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ болып табылады.
Елорданың қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеу және су айдынын тазарту бөлімінің басшысы Айдар Рашид Астана қаласында коммуналдық қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі жұмыс істейтінін, оған қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта өңдеу және көмудің барлық тізбегі кіретінін айтты.
«Жыл сайын қала әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтарды жою және кәдеге жарату жүз миллион теңгеден астам қаржы бөледі. Соңғы кездесуде қала әкімі нысандарды пайдалануға бергеннен кейін құрылыс қалдықтарын қалдыратын компанияларға бақылауды күшейтуді тапсырды. Енді құрылыс компаниялары құрылыс қалдықтарын өз бетінше жоюы керек. Елорда тұрғындарының саны 1300 000-нан асты. Қала тұрғындарының көбеюі қоқыстың көп болуына әкеледі. Ол үшін жыл сайын 1300 жаңа ҚТҚ контейнері сатып алынады, оларды сатып алуға ағымдағы жылға 270 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. 200 000-нан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Жақын арада елордадағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын анықтайтын кең ауқымды мониторинг жүргізілетін болады», – деді Айдар Рашид.
Қоғамдық мониторинг барысында елордадағы абаттандыру және ағымдағы экологиялық жағдай ережелерін сақтау мәселелері бойынша ақпарат берілді. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы, сондай-ақ Астана аудандары әкімдіктерінің қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жұмыстары зерттелді. Мониторингке Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асыратын «Белсенді Азамат» ҚҚ атынан елорданың ҮЕҰ өкілдеріде қатысты.