Елордада құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу басталды

Бүгін елордада жұмыс берушiлердiң еңбек заңнамасына сәйкес еңбек қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауы және қызметкерлердiң еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесi бойынша жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралауды бастады.

Оның құрамында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының, қалалық еңбек инспекциясының, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің, Қазақстан құрылысшылар одағының, ҚР жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық Конфедерациясының және Астана қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының өкілдері бар.

Сондай-ақ, жұмыс тобы құрамында құрылыс саласындағы проблемалық мәселелерді көтеріп жүрген бірқатар белсенді құрылысшылар да бар.

Жұмыс тобының өкілдері BI Group компаниясының мердігері «Мегастрой ЛТД» ЖШС салып жатқан тұрғын кешені құрылыс алаңында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі нормаларына сәйкестігін, жұмысшылардың арнайы киімдері мен жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін, олар қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалуын қадағалады. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өндірістік қауіпсіздік нормаларын сақтауы және жұмыс берушілердің көші-қон процестерін сақтауын бақылады.

Мониторинг барысында мұнаралы крандармен жұмыс жасау жобасы ережесінің көрнекі жерге ілінбеуі және жұмыскерлердің таныстым деген қолы қойылмағаны анықталып, бұйрықты тек ғана жауапты басшылардың ғана шығаруы қажеттігі туралы түсіндірме берілді.

Жұмыс тобының мүшелері «Мегастрой ЛТД» ЖШС-нің басшылығына анықталған кемшіліктерді екі күн ішінде жоюға міндеттеді. Құрылыс нысандарына мониторинг жұмысы жалғасады.