Кәсіподақтың маңыздылығы туралы ақпараттық түсіндірме жүргізілді

Кәсіподақ – еңбек адамдарына әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін, құқығы мен мүддесін қорғайтын басты ұйым.

Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде алдағы кезеңде еңбек ұжымы бар жерде кәсіподақтың болуын және барлық бастауыш ұйымдардың беделін көтеру жөнінде міндеттер қойылды.

Осы ретте Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы кәсіподақтың маңыздылығы туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Соңғы үш жылда елордада 54 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

Бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы ұжымының шақыруымен Қазақстандық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров, заңгері Малина Башарова және Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин кездесуге барды.

Жекпе-жек сарайының қызметкерлеріне кәсіподақтың айналысатын қызметі туралы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында құрылатын кәсіподақ ұйымының қажеттілігі айтылды.

Кәсіподақты құруға ниет білдірген жекпе-жек сарайының қызметкерлері спикерлерге сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.