ҚРКФ ауыл тұрғындарына жер телімдерін әділ бөлуге көмек көрсетуге ниетті

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Бурабай ауданы, Атамекен ауылдық округі өсімдік шаруашылығы кәсіпорны – «Жаңажол-Агро» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Сегіз жыл бұрын құрылған ауыл шаруашылығы құрылымы дәнді және бұршақ дақылдарын өндірумен айналысады. Бұл шағын, бірақ тиімді кәсіпорын, оның Ақмола облысының астықты өңірінде ондаған түрі бар. ЖШС-де 8 қызметкер жұмыс істейді, барлығы кәсіподақ мүшесі.

ҚРКФ төрағасы егістік алқаптағы ауыл шаруашылығы құрылымының еңбеккерлеріне келді.

«Жаңажол-Агро» ЖШС басшысы Ербол Қапезовтің айтуынша, шаруалардың басты мәселесі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз бөлу.

«Жер телімдерін бөлу кезінде, өкінішке қарай, біздің гектарлардың дәл ортасында басқа адамдарға бөлінген 200 гектар жер учаскесі болып шықты. Мұның жұмыс үшін қолайсыздығы анық. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің аудандық комиссиясына арыздандым, олар әлі үнсіз», – деді ЖШС басшысы.

Ал, тәжірибе көрсетіп отырғандай, өңірде жер телімдерін бөлу бірнеше рет дау-дамаймен, тіпті сот процестерімен де қатарласып, бөлу комиссиясының шешімінен кейін бір жер учаскесіне бірнеше меншік иесінің талап қою жағдайлары орын алған.

Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанның басты астықты өңірлерінің бірі Ақмола облысындағы жер мәселесі ауыл халқы үшін өмірлік маңызды екенін атап өтті. Сондықтан, Кәсіподақтар федерациясы Астанадағы әлеуметтік әріптестермен жер мәселесін шешу шараларын талқылауға дайын.

«Жерге қатысты туындаған мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүгінуге дайынбыз. Нан өсіретін адамдар өздерінің жұмыс кеңістігін ұйымдастыруға және қолайлы еңбек жағдайларын жасауға барынша назар аударуға лайық. Жалпы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне жасанды түрде жасалған кедергілерге жол беруге болмайды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, жермен айналысатын адамдардың еңбегін әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары қорғауы керек.

«Мемлекеттің басты құндылығы – Еңбек адамдары. Қазақстандықтардың дастарханында әрқашан жаңа піскен нан болуы үшін осы адамдардың еңбегін арттыру қажет. Біздің Федерация үшін кәсіподақтың әрбір мүшесінің, әсіресе ауыл тұрғындарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ең маңызды басымдық болып табылады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Ал, «Жаңажол-Агро» ЖШС-нің жұмыскерлері егістік алқаптарын егіп, көршілес ауыл шаруашылығы құрылымдарына жан-жақты техникалық көмек көрсетуді көздеп отыр – әзірге облыстағы барлық шаруаларға техника мен жұмыс күші жетпейді.

«Біз бір-бірімізді қиындықта қалдырмаймыз. Көрші шаруашылықтан көмек сұраса, техника береміз, өзіміз соқаға барып, егістігіне егін егеміз. Ал онсыз қалай? Жеріміз құнарлы, барлығына егін жинауға көмектесу керек», – дейді шаруалар.

Айтпақшы, «Жаңажол-Агро» ЖШС-нің 600 гектар алқаптан жалпы астық жинауы орта есеппен 1500 тоннаны құраса, облыс бойынша ең жоғары өнім гектарына 25-47 центнерге дейін жетті.

 

ҚРКФ медиаорталығы