Кәсіподақтар федерациясы медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтау және құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар пакетін дайындауда

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ мүше ұйымы – «QazMed» медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы елордада ұйымдастырған  «Қазақстан Республикасы медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Медицина саласының жетекші мамандары, елордалық емханалардың бас дәрігерлері, кәсіптік бірлестіктердің өкілдері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылауға жиналды.

Дөңгелек үстел жұмысын ашқан «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Әлиакпар Мәтішев медицина саласындағы кәсіподақ ұйымының қызметі туралы айтып өтті. «QazMed» 2015 жылы құрылып, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына енді.

«2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім қабылданды, 2023 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы төлеу жүйесінде арттырушы коэффициент 1,15-тен 3,32-ге дейін көтерілді, жалақыны индекстеу қарастырылған, медицина қызметкерлерінің ақылы еңбек демалысының ұзақтығы ұлғайтылды», – деді Әлиакпар Мәтішев.

Шараға қатысушыларға арнаған сөзінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның өзі және оның мүше ұйымдары – салалық  кәсіподақтар қазақстандық еңбеккерлердің, оның ішінде, медицина саласында да әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды бақылауда ұстайтынын атап өтті.

«Біздің медицина қызметкерлеріне COVID-19 пандемиясы кезінде көрсеткен ерліктері үшін алғыс айтқым келеді. Кәсіподақтар медицина қызметкерлерін қолдауға барынша күш салды. Үкімет қолдаған Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдарының бастамаларының арқасында барлық медицина қызметкерлеріне, соның ішінде, денсаулық сақтау ұйымдарының қосалқы қызметкерлеріне санатына қарай жалақыларына үстемеақылар төленді. Бүгінгі таңда медициналық кәсіподақ қоғамдастығына 300 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері кіреді, олардың көпшілігі жалдамалы еңбеккерлер, тиісінше, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды қажет етеді. Бұл әлеуметтік мәртебе, кепілдіктер, еңбекақы, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру мәселелері, медицина қызметкерлерінің әділ құқықтық қорғалуына қатысты. Әрбір медицина қызметкерінің заңмен бекітілген кепілдіктері болуы керек деп есептейміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде «QazMed» салалық кәсіподақ ұйымының кеңесшісі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы жеке салаға емес, бүкіл қоғамға қатысты екенін атап өтті. Бұл ретте кәсіподақтарға ерекше рөл жүктеледі.

«Медицина саласын дамыту үшін кәсіподақтардың әлеуеті зор. Медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі біз үшін жай жұмыс емес, бұл – өмірдің өзі. Медицинадағы салалық мәдениетті жаңғыртып, медициналық қауымның мүддесін қорғаудың заңнамалық базасын жетілдіру қажет», – деп өз пікірімен бөлісті Елжан Біртанов.

Айтпақшы, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын жетілдіру мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, бірақ соңғы уақытта жедел жәрдем дәрігерлеріне шабуыл жасау жиілеп кеткен кезде, тіпті жұмыс орнында медицина қызметкерлерін өлтіру жағдайлары орын алғандықтан  өзекті бола бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның назарын медицина қызметкерлерінің мәселелеріне аударды. 2022 жылғы 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы қарсаңында Қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде Президент медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтуды жалғастыратын боламыз. 2027 жылы оның көлемі жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 5 пайызына жетеді. Дәрігер мамандығының беделін арттыру мақсатында олардың мәртебесі заңмен бекітілетін болады. Медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 26 ​​қазанында.

Қазір Парламентте жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауда. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері атынан оның әзірлеушілері заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқығын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталғанын мәлімдеген болатын. Бұл ретте пациенттер үшін зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген құқықтарды іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті (есептік) сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу қажет.

Алайда, медицина саласының сарапшылары заң жобасының кейбір нормаларымен келіспей, бұл жобаны жалпыхалықтық талқылауды талап етуде.

Дәрігерлердің басты талаптарының бірі – дәрігерлік қателіктерді қылмыс деп танымау, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен дәрігерлік қателіктің ауырлығына байланысты айыппұлдан бас бостандығынан айыруға дейін медицина қызметкерлерінің әртүрлі жауапкершілігін білдіретін 317-бапты алып тастау.

Еліміздің жетекші дәрігерлері Жақсылық Досқалиев, Шолпан Бөлекбаева, Дәулетхан Есімов, Ирина Пивоварова мәселелерді шешуге деген көзқарастарымен бөлісті. Дәрігерлер кәсіподақтармен бірігу медицина қызметкерлеріне өз мүдделерін тиімдірек алға бастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

 Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауға қатысты заңнамалық шараларды одан әрі жетілдіру үшін медицина қауымының бірлесіп жұмыс істеу бастамасын қолдады. ҚРКФ басшысы талқыланып жатқан заң жобасына толықтырулар ретінде енгізу үшін медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтау, дәрігерлік қателікті қылмыс деп танымау және медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша нормалар пакетін бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Айтпақшы, мұндай бастамалардың бірқатарын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы да назарға алған болатын.

 

ҚРКФ медиаорталығы