Еңбек қауiпсiздiгi ережелерiн сақтау және қызметкерлердiң еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесi бойынша құрылған жұмыс тобының кезекті нысаны – Тұран және Ұлы дала даңғылының қиылысында «Bazis Astana» ЖШС салып жатқан Altyn besik тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңы болды.
Жұмыс тобының құрамында әлеуметтік әріптестермен бірге Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин мен заңгер Азамат Менсейітов бар.
Күннің аптап ыстығына қарамастан құрыш қолды құрылысшылар қызу жұмыс жасап жатыр. Бас мердігер «Bazis Astana» компаниясы 8 қосалқы мердігермен келісім жасапты. Қазіргі сәтте 60-қа жуық жұмысшы еңбек етуде.
Жұмысшылармен кездесу барысында жұмыс тобының өкілдері еңбек қауіпсіздігін сақтау талабын еске сала отырып, елордадағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі құрылыс нысандарында орын алатынын атап өтті.
Құрылысшы мамандардың барлығы еңбек келісім шартымен жұмыс істейді. Жалақыларын уақытылы алады, арнайы жұмыс киімімен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Медициналық пункті, асханасы бар. Олардың тарапынан жұмыс берушіге ешқандай шағым жоқ екенін айтты.
Дегенмен, мониторинг жүргізу барысында жұмыс тобының өкілдері бірқатар кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, мұнаралы крандармен жұмыс істеуде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі жауапты тұлғалардың бұйрығында учаске бастығы қол қойыпты. Талап бойынша компания директоры немесе орынбасары қол қоюы тиіс. Сонымен қатар, еңбекті қорғаудың жалпы талаптары бойынша барлық құрылысшылардың нұсқаулықпен танысу парағына қолдары қойылмаған.
«Bazis Astana» компаниясының өкілдеріне аталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруге талап қойылды.