«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кеңес мүшесі Майра Боранбаева кеңес отырысында облыс көлеміндегі ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің денсаулығын оңалту бағдарламасын дайындауды, тиісті орындарға ұсыну және мақсатқа сәйкес нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
«Пандемиядан соң жұмыс күшінің денсаулығы әлі де оңалтуды қажет етеді. Жұмыс күші – халықтың осал топтарына жасалатын барлық көмектер үшін жағдай жасайтын, экономиканы жасайтын адамдар, сондықтан олардың да денсаулығы мен әлеуметтік жағдайларын қолдау маңызды. Жұмыскерлердің ішінде де осал топтар бар, олар ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлер», – деді өз сөзінде кәсіподақ өкілі.
Кәсіподақ өкілі елде жаңадан қабылдаған «Әлеуметтік кодексті» қоғамға түсіндіру маңыздылығы туралы айтқан Әріптестері пікіріне қосылып, Кодекске халықты әлеуметтік қорғау және азаматтардың еңбек құқықтары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туралы айтты. Ол үшін кеңес отырысы қорытындысымен ұсыныстар дайындау жұмысшы тобын құрып, тиісті орындарға ұсыныстар енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар кәсіподақ өкілі халықты әлеуметтік қорғау мақсатында олардың еңбек құқықтары сақталуына қоғамдық бақылаудың өзектілігіне тоқталды.
«Облыс көлеміндегі кәсіпорындар мен мекемелерде «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау туралы» Заңына сәйкес еңбекке ақы төленуі, жыл сайын ақы төленетін қосымша демалыстың берілуі, материалдық көмек көрсетілуі бойынша мониторинг жүргізілуі қажет. Заңда бекітілген халықты әлеуметтік жағынан қолдауды барлық жұмыскерлер алып отыр деп айту қиын, сондықтан осы мәселе бойынша қоғамдық бақылау қажет», – деді кеңес мүшесі Майра Боранбаева.
Кеңес отырысында Білім беру ұйымдарында балаларға психологиялық қолдау көрсету, суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылықты анықтау қызметін дамыту және «Бақытты отбасы» жобасы аясында өмірлік қиын жағдайға қалған отбасыларға көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы тыңдалып, жұмысты жетілдіру бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.