Елордалық кәсіподақтар еңбеккерлердің өзекті мәселелерін ортаға салды

«Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалында Астана қаласы кәсіподақтары аумақтық құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Астана қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешев, кеңес мүшелері және «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының директоры Талғат Сәуірбаев пен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде 2020-2022 жылдардағы елордадағы өндірістік жарақаттануды талдау, кәсіподақ ұйымдарының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауына және «Еңбек жолы» байқауына қатысуы және «Мәдениет, ақпарат, спорт және туризм қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ қалалық филиалының атқарған жұмысы қаралды.

Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Күнәділов жүргізді.

«Биыл Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің қаулысымен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» болып жарияланды. Басты міндет – жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Соңғы үш жылда елордада 163 жазатайым оқиға орын алып, соның ішінде 45 адам қаза тауып, 118 адам ауыр жарақат алған. Өндірістік жарақаттарды талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері еңбектің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмысшыларды еңбекті қорғауға оқытуды ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктер, көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, ақаулы құрал-жабдықтар және т.б. Көп жағдайда жұмыс берушінің кінәсінен болып отыр. Адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар орын алған мекемелер мен кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымы жоқ», – деп атап өтті Т.Күнәділов.

Айта кетерлігі, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі құрылыс алаңдарында орын алуда. Қазіргі сәтте Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы еңбек қауiпсiздiгi ережелерiн сақтау және жұмыскерлердің еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесi бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесіп құрылған жұмыс тобымен құрылыс нысандарына мониторинг жүргізуде.

Осы ретте Үйлестіру кеңесінің мүшелері Астана қаласының жұмыс берушілері мен жұмыскерлеріне Үндеу жолдады.

Ал, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қ.Сұлтаналин еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына белсенді қатысуға шақырды.

Күн тәртібіне сәйкес «Мәдениет, ақпарат, спорт және туризм қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ қалалық филиалының атқарған жұмысы туралы филиал төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров ақпарат берді.

«Соңғы жылдары салалық кәсіподақтың Астана қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны кәсіпорындар мен мекемелерді оңтайландыру және қайта құру нәтижесінен төмендеген болатын. Бірақ, қарқынды жұмыстардың арқасында оңтайланған мекемелерде қайтадан кәсіподақ ұйымдары ашылып, біздің салаға кірді және жаңадан үш ұйым ашылды. Қызметкерлердің құқығын қорғауда Салалық кәсіподақ Кәсіподақтар федерациясымен, әлеуметтік әріптестермен айтарлықтай жұмыстар атқарып отыр. Соның нәтижесінде биыл балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алып отырады. Орташа жалақының 60 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы төлем 20 жылдан астам еңбек өтілі бар ардагер қызметкерлерге беріледі. Белгілі бір жасқа жеткенде физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты көптеген әртістер зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Себебі, 20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін көп жағдайда кәсіби ауруларға ұшырайды», – деді Ә.Саттаров.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевке сөз берілді. Ол 2020-2025 жылдарға арналған Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясының басты құндылықтарына тоқталып, кәсіподақтар таңдаған лайықты еңбек, лайықты өмір және әлеуметтік әділеттілік үшін күрес жолын жалғастыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Әсіресе, жалақыны арттыру, әлеуметтік жағдайды жақсарту жөніндегі бірқатар ұсыныстарымыз «Кәсіптік одақтар туралы» заң мен Еңбек заңнамасында қабылданды. Әрине, барлық ұсыныстар бірден қабылдана қоймайды. Дегенмен, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында әлеуметтік әріптестік аясында еңбек саласындағы жалпылама танылған халықаралық стандарттарды енгізуді ілгерілетуге әрі қарай өз мүдделерімізді іске асырамыз», – деді.

Одан әрі «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының ұжымы Астана қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешевке өз мәселелерін жеткізіп, көмектесуін сұрады. Оның ішінде, теміржолшылар вагон жөндеу депосынан екі жүз метр жерде орналасқан ешкімнің балансында жоқ иесіз учаскеде жыл сайын құбырдың жарылуынан қиындық көріп отыр. Себебі, құбыр жарылған кезде вагон жөндеу депосы сусыз қалады. Тағы бір мәселе – жолаушылар вагонындағы биодәретханалар тазартылғаннан кейін қалдықтарды тасымалдауда мекеменің арнайы машиналарына құзырлы органдардан қандай да бір орынға рұқсат берілмейді, керісінше, айыппұл салу жиілеп кетті.

Сондай-ақ, теміржолшыларды Лесозавод ауылын газдандыру және осы ауылда көпір салу мәселесі толғандырады.

Өз кезегінде Нұрлан Өтешев осы мәселелерді өз құзіретінде шешуге қолдау көрсететінін жеткізді.

«Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының директоры Талғат Сәуірбаев пен мекеме ұжымы елордалық кәсіподақ өкілдерімен кездесіп, ақпарат алып, өз проблемаларын жеткізуге мүмкіндік алғандарына ризашылықтарын білдірді.

Отырыс аяқталған соң Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев пен Үйлестіру кеңесінің мүшелері «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының автобақылау цехының, құрылғыларды сақтау қоймасының жұмысымен танысты.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері алдағы уақытта осындай көшпелі отырыстарды жиі өткізуді жалғастырмақшы.