Кәсіподақ ұйымы қайырымдылық акциясын ұйымдастырды

«Оңтүстік-шығыс өңірінің «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшелерінің 12 жасқа дейінгі балаларына арналған қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Яғни, кәсіподақ ұйымының мүшесі болып табылатын Павлодар, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды мұнай құбыры басқармалары, Шығыс операторлық қызметтер көрсету басқармасы және «Петерфельд» ЖӨДС-да еңбек ететін некеде тұрмайтын нәзік жандылардың балаларына, көпбалалы отбасына, мүгедек және жетім балаларға, көз жұмған мұнай құбыршылардың балаларына өздері тұратын аймақтардағы ірі сауда орталықтарына сыйлық сертификаттарын табыс етті.


“Қайырымдылық акциясы тек қана балаларды қорғау күніне орайластырылмайды, мұндай қолдау шараларын жүзеге асыру игі дәстүрге айналған. Кәсіподақ ұйымының мүшесі болып табылатын кез келген мұнай құбыршының өзі мен отбасын қолдауға біздер дайынбыз. Алдағы уақытта да балдырғандардың жүзіне нұр ойнататын мұндай акциялар жалғасын таба бермек”, – дейді «Оңтүстік-шығыс өңірінің «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекші қызметкері Армангүл Аманова.