Өткен демалыс күндері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен ҚРКФ мүше ұйымы – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының алқалы органдарының – Орталық комитетінің кеңесі мен Атқару комитетінің отырыстары өтті.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағын дамытудың «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасын іске асыру туралы негізгі баяндаманы Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева тарқатты.
Баяндамада төраға Тұжырымдаманың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында мүшелік ұйымдардың қызметіне жүргізілген талдаудың нәтижелеріне тоқталды. Атап айтқанда, кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы; әлеуметтік әріптестік; құқықтық қызмет, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі; қоғамдық бақылау; кәсіподақ активін оқыту және ақпараттық жұмыс.
Кәсіподақты ұйымдастырушылық нығайту мәселелерінде мүшелік базаны сақтау және ұлғайту маңыздылығына тоқталған Айгүл Мұқашева салалық кәсіподақ құрамына 21 мүше ұйым кіретінін, барлығы 619 738 кәсіподақ мүшесі бар екенін айтты.
«Кәсіподақ мүшелерінің саны 2021 жылмен салыстырғанда артты. Бұл өсім – Салалық кәсіподаққа деген үлкен сенімнің болуы, ортақ жұмысымызға берілген оң баға», – деп төраға атап өтті.
Сонымен бірге, Айгүл Мұқашева кәсіподақ қызметіне кейбір мемлекеттік органдардың араласуына алаңдаушылық білдіріп, заңсыз араласу әрекеті Қазақстан Республикасының Конституциясына және ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңына қайшы келетінін айтты.
«Қазіргі таңда бұл жағдай Қарағанды мен Ұлытау облыстарында болуда, оның салдары сала қызметкерлері мен педагог қауымы арасында үлкен наразылық тудыртуда. Кәсіподақтың басшы органдары ҚР заңнамаларын бұзғаны үшін кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолдады», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптесін қолдап, кәсіподақ ұйымдарының қызметіне араласу мәселесіне қатысты ҚРКФ ұстанымын білдірді.
«Кәсіподақтардың қызметіне ашық араласу, атқарушы органдарда жұмыс істейтін кандидаттарды басшылық қызметке өткізуге әрекет жасау, жұмыс берушілердің бақылаудағы кәсіподақтар құруы кәсіподақтардың қызметіне араласуға және қарсылық көрсетуге тыйым салатын Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» Заңын; елдегі кәсіподақ қызметінің еркіндігіне кепілдік беретін кәсіподақ ұйымдарының жарғылары мен әкімшілік ережелерін әзірлеу, өз өкілдерін еркін таңдау құқығын анықтайтын Халықаралық еңбек ұйымының №87 конвенциясын тікелей бұзу болып табылады. Кәсіподақтар федерациясына кейбір өңірлерден, салалардан осындай сигналдар түсіп, әлеуметтік серіктестермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біз заңды бұзуға, кәсіподақ ұйымдарына қысым көрсетуге табанды түрде қарсы тұруды, заң бұзушылықтарды тоқтату және кінәлілерді жазалау шараларын қолдануды көздеп отырмыз», – деп атап көрсетті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстан құру бағытын қолдайтынын атап өтті. Сатыбалды Дәулеталин ел Президентінің басшылығымен Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға бастыру міндеттері мен басымдықтарды жүзеге асыру үшін әріптестерін күш біріктіруге шақырды.
«Кәсіподақтар үшін Конституция мен заңдардың үстемдігі демократиялық дамудың басты қағидасы, қоғамдағы әділеттілік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі болып табылады», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Отырыс барысында кәсіподақтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өз пікірімен Қарағанды облыстық ұйымының төрағасы А. Ракишева, Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Т. Баймбетова және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Б. Сейдеш бөлісті. Олар әлеуметтік әріптестік аясындағы жасалып жатқан игі шараларды, туындап жатқан түйіткілдер және шешімдерінің нәтижелері туралы ойларын жеткізді.
Абай облыстық ұйымының төрағасы С.Ибраев өңірде орын алған өрт апатының салдарынан зардап шеккен тұрғындарға Салалық кәсіподақ тарапынан көрсетілген қаржылық көмектер үшін алғысын білдірді.
Орталық комитет кеңесінің отырысынан соң Салалық кәсіподақтың Атқару комитеті кезекті отырысын өткізді.
ҚРКФ медиаорталығы