АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы және еңбек инспекциясының тиімді қызметін қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында Орталық Азия елдері кәсіподақтарының аймақтық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығына сілтеме жасап.
ОАЕКК Бас хатшысы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия елдері кәсіподақтарының еңбек қауіпсіздігі жай-күйін жақсарту, еңбекті қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстану және заңнамаға одан әрі енгізу бойынша тәжірибе алмасу мен бірлескен іс-қимылдарды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету – еңбек және қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы ең маңызды мәселе. Сондықтан, биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялап, жыл басынан бері Федерация мен оның мүше ұйымдары барлық жерде түрлі іс-шараларды, соның ішінде осы конференцияны өткізіп отыр», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ мәліметтері бойынша, ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 12 488 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 11 509-ы кәсіподақтардың бастамасымен құрылған. Бұл ретте 11 385 өндірістік кеңес өндірістік емес ұйымдарда құрылған. Алайда, Кәсіподақтар федерациясының басшысы қабылданған шараларға қарамастан, бұл салада айтарлықтай оң өзгерістер орын алмағанын атап өтті.
«Жазатайым оқиғалар динамикасында нақты төмендеу тенденциясы байқалмайды. Жыл сайын 200-ден астам адам жұмыс орнында қайтыс болады. Мұндай қайғылы статистиканың себебі неде? Герберт Гейнрихтің қауіпсіздік пирамидасына сәйкес, өндірістегі 30 000 кішігірім ықтимал қауіпті жазатайым оқиғалар бір адамның өліміне әкеледі», – деді ҚРКФ төрағасы.
Оның пайымдауынша, жазатайым оқиғалардың санын қысқарту үшін өндірістегі жазатайым оқиғаның алғышарттарын жою, сонымен қатар осы жұмысқа барлық еңбеккерлерді тартуға және жазатайым оқиғалардың болу мүмкіндігін барынша азайтуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүйелі жұмыс қажет.
ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас өз сөзінде Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің халықаралық ынтымақтастығы деңгейінің артқанын атап өтті.
«Адамдардың өмірін қиған Абай облысындағы өрт сияқты Қазақстандағы соңғы қайғылы оқиғалар қауіпсіз еңбектің маңыздылығын тағы бір дәлелдеп отыр. Қазақстан Президенті қаза болғандардың отбасыларына зор көңіл бөліп, қолдау көрсетті. Мұндай жағдайларда одақтас ретінде біздің міндетіміз – өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға жағдай жасау. Бұл салада ХЕҰ-ның іргелі конвенцияларын ілгерілету қажет. Бүгінде Орталық Азия елдерінің ішінде тек Қазақстан ғана ХЕҰ-ның №155 және №187 іргелі конвенцияларын ратификациялады. Женевадағы халықаралық еңбек конференциясында еңбек қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Қазан айында ХЕҰ мен ОАЕКК климаттың өзгеруі бойынша маңызды кездесу өткізеді, бұл да еңбекті қорғау жүйесіне қатысты. Климат, әсіресе, Орталық Азия аймағында еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаты туралы хабардар етті.
«Сәуір айында Мемлекет басшысы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекске қол қойды. Бұл азаматтардың бүкіл өмірлік циклі бойы – туғаннан бастап кәрілікке дейін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын көрсететін бірінші толыққанды құжат. Сонымен қатар, кодексте еңбек ресурстарын сақтауға бағытталған мемлекеттік саясат шаралары қарастырылған. KIOSH-2023 халықаралық еңбек конференциясында біз әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасындағы 2023 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы аясында реттеуші саясатты жетілдіру тәсілдерін талқыладық», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.
19 маусымда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі Жол картасы бекітілгеннен кейін бірден аймақтық конференцияның өткізілуін маңызды деп атады.
«Зиянды еңбек жағдайларына келетін болсақ, біз зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлесі басымдырақ екенін түсінеміз, шамамен 30% немесе 1,6 миллион жұмыскер. Алайда, бүгінде жұмыскерлердің 10 пайызы ғана міндетті медициналық сақтандырумен қамтылған. Дамыған елдермен салыстырғанда бұл статистика біздің пайдамызға емес. Бүгінгі таңда еңбек ресурстарын сақтау бойынша неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажет, сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының бізге беретін құнды тәжірибесі бар. Осы конференцияның қорытындысы бойынша біз мазмұнды ұсыныстар аламыз деп үміттенемін», – деді ол.
Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Исмоил Файзизода еңбек қауіпсіздігі тақырыбының өз елі үшін де өзекті екенін атап өтті.
«2021 жылы Федерация өндірісте 22 жазатайым оқиғаны тіркеді, онда 22 адам зардап шекті, оның ішінде 7 адам қайтыс болды. 2022 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 28 жағдайды болды, оның ішінде 33 адам зардап шекті, оның 12-сі қайтыс болды. Орталық Азия өңірі кәсіподақтарының осы бағытта бірігетін уақыты келді және біз бұл мәселелерді аймақтық конференция алаңында талқылап жатқанымыз қуантады», – деп атап өтті Исмоил Файзизода.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Кобилжон Киргизалиев өз сөзінде қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру шараларына тоқталды.
«Соңғы 6 жылда елімізде ауқымды реформалар нәтижесінде, оның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында түбегейлі өзгерістер болды. Олар бірінші кезекте жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға бағытталған. Осының негізінде Өзбекстан Республикасы ХЕҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялады. 2020 жылы Федерация жанынан кәсіподақтардың еңбек инспекциясы құрылып, 95 кәсіподақ инспекторының жұмысы жолға қойылды», – деді ӨКФ өкілі.
Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Рысгүл Бабаева қырғызстандық еңбеккерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, ел үшін еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау нормаларының сақталуына мемлекеттік қадағалаудың әлеуетін арттыру мәселесі ерекше өзекті болып табылады.
«Техникалық инспекторларымыз 116 жазатайым оқиғаны тіркеп, тергеу жүргізді, оның 53-і адам қазасымен аяқталды. Біздің басты мәселеміз – еңбек заңнамасын бақылау жөніндегі мемлекеттік органның кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялауы», – деді Рысгүл Бабаева.
Түрікменстан кәсіподақтары ұлттық орталығы тексеру комиссиясының төрағасы Алламырат Сахетмырадов еңбекті қорғау жөніндегі кәсіподақ комиссиясының қызметі туралы баяндады.
«Комиссия жұмыс беруші мен еңбеккердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ, жұмыс орындарында еңбекті қорғау мәселелері бойынша тексерулер ұйымдастырады және еңбекті қорғау саласындағы ұжымдық шарт ережелерін орындау нәтижелері туралы еңбеккерлерді хабардар етеді», – деді Алламырат Сахетмырадов.
Қазақстандағы еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа идеологиясын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Шолпан Әбікенова таныстырды.
Баяндамашы атап өткендей, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленген, оның мақсаты – жұмыскерлердің еңбек өмірінің сапасын жақсарту және еңбек ресурстарын сақтау.
«Өндіріс орындарын еңбек жағдайлары бойынша аттестациялаудың орнына кәсіптік тәуекелді бағалауды енгізу ұсынылып отыр. Ол 5 критерийді ескере отырып жүзеге асырылатын болады: еңбек жағдайларының зияндылығы, жарақат алу қаупінің көрсеткіші, жабдықтың қауіпсіздігі, жеке қорғаныс құралдарының болуы және аурушаңдық деңгейі. Енгізілген механизмнің нәтижесі тек кәсіпорындардың ғана емес, нақты жұмыс орындарының да кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша еңбек жағдайларының жаңа классификациясы болмақ», – деді Шолпан Әбікенова.
Құжат жобасы кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай сақтандыру тарифтерін саралауды, сондай-ақ, жазатайым оқиғалардың салдарын жоюдан олардың алдын алуға және алдын ала ескертуге көшуді көздейтін кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуді қарастырады.