«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы мен Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы бірлесіп жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Qyzmet Battle» интеллектуалдық сайысын өткізді.
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өткен сайысқа облыстық басқармалар мен департаменттерден, қалалық және аудандық мекемелерден 25 жас мемлекеттік қызметші қатысып, өздерінің біліктіліктері мен білімдерін сынға салды.
Соңғы кезде еліміздің жастарының арасында танымал болған «Aqyl Battle» ойынының желісімен өткізілген сайыс мемлекеттік қызметте жүрген жас мамандарды қызметтен тыс шараларға тартуға, зияткерлік ой-өрісін тексеруге әрі шыңдауға, жастарды мемлекеттік тілді және ел тарихын білуге насихаттауға, жас таланттарды анықтауға, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге бағытталды.
Сайыс 3 кезеңнен құралып, заңдарды білу, еліміздің және өңіріміздің тарихын білу, өнер және салт-дәстүрді білу сияқты тақырыптарды қамтыды.
Жастарымыздың белсенділігі сайыстың алғашқы минуттарынан көрініп, өте қызу өтті, үздіктердің қатарынан табылғысы келген білімді жастарымыз қойылған сұрақтарға таласып жауап қайтарып, нәтижесінде 3 кезеңнің нәтижесімен үздіктер анықталды. Қалған қатысушыларға сайысқа қатысқандары үшін алғыс хаттар табыс етілді.
Сайысқа қатысушылар ұйымдастырушыларға мұндай шаралардың қажет екенін айтып алдағы уақытта жүйелі түрде ұйымдастырылуын тілеп, алған әсерлерімен бөлісіп тарқасты.