Түркістан облысына – 5 жыл. 2018 жылғы 19 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес Түркістан облысы болып қайта құрылып, облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл әлемнің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшірілді.
Атаулы мерекеге орай «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облысы Ордабасы аудандық кәсіподақ комитеті мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Ордабасы ауданы мемлекеттік қызметшілер арасында «Зияткерлік – кемел келешек кепілі» атты шахматтан ауданының ашық біріншілігі өтті.
Жарысқа арнайы шақырылған «Қызмет» салалық кәсіподағының Түркістан облысытық филиалының басшысы Күлдар Есебаева ашып, шын жүректен құттықтап, жеңіс тіледі.
Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметшілерді дене шынықтыру мен спортқа баулу арқылы олардың жұмысқа деген қабілетін көтеру, мемлекеттік қызметшілер арасында достық қарым-қатынасты орнықтырып, байланысты нығайту, жастарға үлгі көрсету және үлгілі болу.
Жарыс алғашқы сәттен-ақ өте жоғары деңгейде тартысты әрі әділ өтті. Жарыс бар жерде жеңіс бар, жеңіліс бар.
Жеңіске жеткен командалар және барлық жарысқа қатысушылар «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалы мен Ордабасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Бірқатар үздік ойыншылар Тулешов Мақсат Дәлетбекұлы, Жылқыбай Құрманәлі, Мырзалиев Ғазиз, Баймаханова Әсел «Үздік техника шеберлігі» үшін номинациясымен марапатталды.