Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның № 2 сотының ұйымдастыруымен «Еңбек дауларын шешудегі келісім комиссияларының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға аталған соттың татуластырушы судьяларымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының заң клиникасының Қарағанды филиалының өкілдері, «Қарағанды облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы» ММ өкілі қатысты.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның №2 сотының төрағасы Бейбітжан Кабылбеков соттағы азаматтық істерді қарау барысындағы татуласу рәсімдері жайлы айтып өтті.
Аталған соттың татуластырушы судьясы Корлан Оралбекова еңбек дауларына қатысты азаматтық істерді қараудағы татуластыру рәсімдерінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының заң клиникасының Қарағанды филиалының басшысы Света Шардарбекова Татуласу орталығының жұмыс барысы, еңбек дауларын шешудегі кәсіподақ ұйымдарының жұмыс нәтижелері мен келісім комиссияларының жұмыс тәртібі жайлы, «Қарағанды облысының кәсіподақтар орталығының» ұсынысымен «АрселорМиттал Темиртау» АҚ жанынан ашылған медиация кабинетінің қызметі туралы баяндады.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның № 2 сотының татуластырушы судьялары мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының заң клиникасының Қарағанды филиалының мамандарының еңбек дауларын шешуге қатысты жұмыс алгоритмінің жобасы талқыланды.
Еңбек дауларының неғұрлым тиімді шешілуіне мүдделі тараптар еңбек дауларын шешуге қатысты жұмыс алгоритмі өз нәтижесін беретініне сенімді.