САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН: «ЕРЕУІЛ – ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУДІҢ ЕҢ РАДИКАЛДЫ ЖОЛЫ»
Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен ҚРКФ Бас кеңесінің отырысы өтіп, оның барысында кәсіподақтардың бірінші жартыжылдықтағы қызметінің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер айқындалды.
Бас кеңес мүшелері ҚРКФ қызметінің «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясының жүзеге асырылу барысын қарастырды, кәсіподақ қызметіне араласу мәселелерін, сондай-ақ, еңбек дауларының алдын алу және шешу шараларын талқылады.
Стратегияны жүзеге асыру барысы туралы сөз алған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева салалық кәсіподақ бүгінде саладағы 567 817 еңбеккерді біріктіріп отырғанын айтты. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің саны 2021 жылмен салыстырғанда 5 878 адамға артқан.
«Бұл көрсеткіш еңбеккерлердің кәсіподаққа деген сенімін, жас қызметкерлердің қызығушылығын көрсетеді», – деп атап өтті Айгүл Мұқашева.
Кәсіподақ мүшелерінің және олардың балаларының жазғы демалысын, сауықтыруды ұйымдастыру мақсатында 2022 жылы 1 351 260 820 теңге жұмсалды. Сауықтырумен 29 999 қызметкер, 6 284 бала қамтамасыз етілді. Кәсіподақ мүшелеріне көрсетілген материалдық және қайырымдылық көмектің көлемі 675 760 000 теңгені құрады.
Осы ретте түйткілді мәселелерге тоқталған Айгүл Мұқашева Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы салалық кәсіподақ ұйымының мүше ұйымдарының қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласу фактілеріне тоқталды.
Кәсіподақ қызметіне араласу тақырыбын «Қазкөміркәсіподағы» салалық кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов жалғастырып, кәсіподақ көшбасшыларына қысым көрсету және заңсыз жұмыстан шығару фактілері туралы баяндады.
Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ ұйымдарының қызметіне араласу мәселесі бойынша ұстанымын ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин баяндады.
Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары Қазақстан Республикасы Президенті жариялаған Әділетті Қазақстанды құру бағытын қолдайтынын айта отырып, ҚРКФ басшысы әріптестерін әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға бастыру үшін күш біріктіруге шақырды.
«Кәсіподақтар федерациясына кейбір өңірлерден, салалардан мұндай сигналдар түсіп, әлеуметтік әріптестермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біз заңды бұзуға, кәсіподақ ұйымдарына қысым көрсетуге табанды түрде қарсы тұруды, заң бұзушылықтарды тоқтату және кінәлілерді жазалау шараларын қолдануды көздеп отырмыз. Кәсіподақтардың қызметіне ашық араласу, атқарушы билік органдарында жұмыс істейтін кандидаттарды басшылық қызметке өткізуге әрекет жасау, жұмыс берушілердің бақыланатын кәсіподақтар құруы Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңын және елдегі кәсіподақ қызметінің еркіндігіне кепілдік беретін Халықаралық еңбек ұйымының №87 Конвенциясын тікелей бұзу болып табылады. Кәсіподақтар үшін Конституция мен заңдардың үстемдігі демократиялық дамудың басты қағидасы, қоғамдағы әділеттілік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі болып табылады. Біз осы бағытты ұстандық және ұстанамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен бірге, Стратегияны жүзеге асыру барысы туралы баяндамаларында мүше ұйымдардың басшылары осы жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндады. Мәселен, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның айтуынша, өткен жылы жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасының сақталуына 2358 тексеру жүргізілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 618 тексеруге артық. Тексеру барысында жалақыны төлемеу, еңбек қатынастарын дұрыс ресімдемеу, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын сақтамау бойынша 4509 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Заңсыз жұмыстан шығарылған 17 еңбеккер жұмысқа қайта алынды.
«Қазкөміркәсіподағы» көміршілер салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязовтың айтуынша, кәсіпорын қызметкерлерін толғандыратын өзекті мәселелердің бірі зейнеткерлік жасты және жалақының ағымдағы деңгейін ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жинақталған қаражат көлемін қысқарту болып табылады.
«Кәсіподақтар федерациясымен бірлесе отырып, біз бұл жұмысты мақсатты түрде жалғастырып, кеншілерді мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығару мәселелерін шешуге назар аударамыз», – деп сендірді Марат Миргаязов.
Облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов Стратегияның Жетісу өңірі мен Алматы облысындағы жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2021 жылдан 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі кезеңде Алматы облысы бойынша Кәсіподақ орталығының көмегімен 11255 кәсіподақ мүшесін қамтитын 160 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
Әлеуметтік әріптеспен бірлескен жұмыс нәтижесінде кәсіподақтар тарапынан ағымдағы аймақтық келісімге 7 тармақ енгізілді.
«Бюджеттік сала мамандарын әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты толықтырулар; шетелдік мамандарды қазақстандықтармен біртіндеп ауыстыру; аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге оқу ақысын төлеуге, кейін оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету және басқа да кепілдіктер», – деді Әсет Қыдырманов.
Бұл ретте ол проблемалық мәселелердің бірі ретінде үшінші тарап – жұмыс берушілер өкілдерінің қатыспауына байланысты үшжақты келісім талаптарының тиісті деңгейде орындалмауын атады.
Бұл мәселенің аймақтық қана емес, республикалық деңгейде де бар екенін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин де растады.
Бұл ретте ол тең құқықты үшжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында бүгінде Федерация «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясына, оның ішінде, оның кадрлық құрамын нығайту мәселелерінде мүмкін болатын қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.
«Біз Республикалық үшжақты комиссияда және Үкіметте жұмыс берушінің толыққанды тарапын қалыптастыру мәселесін көтердік. Осыған қарамастан кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік тетігін дамытып, нығайтуға өз үлесін қосуы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жұмыс берушілер бірлестігінің бейқамдығына қарамастан, Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымдарындағы даулар деңгейін төмендету бойынша жұмысты жалғастыруда.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы атап өткендей, Қазақстан заңнамасы еңбек дауларын шешудің, заңды ереуілге дайындықтың күрделі және ұзақ мерзімді тәртібін белгіледі, ал еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер бар мәселелерді толық шеше алмайды.
Кәсіподақтар федерациясының мәліметтері бойынша, елімізде 2,5 жыл ішінде 272 ұжымдық дау орын алған, оның себебі – жалақы саласындағы нақты жүйелік проблемалар – жалақының төмендігі; жалақы жүйесіндегі диспропорция; жалақыны индексациялаудың болмауы; қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтамау; жұмыс берушілердің ұжымдық шарттардың талаптарын орындамауы.
ҚРКФ төрағасы шиеленістер басым аймақтар ретінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарын атады. Бұл ретте мұнай-газ, құрылыс және энергетика салаларында үлкен үлес атап өтілді.
«272 ұжымдық даудың жартысы кәсіподақ ұйымы жоқ еңбек ұжымдарында орын алған. Алайда ҚРКФ мен оның мүше ұйымдарының өкілдері 259 еңбек дауын шешуге тартылған. Ал бұл барлық даулардың 95,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар, бұл жерде жұмыс берушілердің рөлі өте маңызды екенін атап өтемін. Оларсыз жағдайды шешу мүмкін емес. Бұл ретте жұмыс берушілер кәсіподақпен байланыс орнату және оны өз мүдделері үшін айла-шарғы жасау әлдеқайда қиын екенін ескере отырып, ұйымдаспаған жұмыскерлердің пайдасына таңдау жасайды. Осындай жағдайда еңбек дауының алдын алу бойынша жер-жерлерде атқарып жатқан орасан зор жұмысымыздың маңызы зор», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ал, 2021 жылдан бастап өңірлік үшжақты комиссиялар аясында кәсіподақ ұйымдары еңбек дауларының алдын алу және шешуге қатысты 218 мәселені қарауға бастамашы болып, еңбекшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
2021 жылдан бастап Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық бірлестіктер 36 226 кәсіподақ мүшесін қамтыған 944 оқыту семинарын және 207 еңбек консультациясын өткізді.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке «Еңбек консультациялары» акциясын өткізу; әлеуметтік-еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлерді бірлескен оқытуды ұйымдастыру; жалақы жүйесін жетілдіру; еңбек қатынастарын мемлекеттік бақылау институтын күшейту туралы бастамалармен бірнеше рет жүгінді.
Әріптестеріне сөйлеген сөзінде ҚРКФ төрағасы ереуіл құқығының заңнамалық бекітілуіне қарамастан кәсіподақтар, ең алдымен, кәсіпорындардағы даулы жағдайларды келіссөздер арқылы шешуді талап ететінін атап өтті.
«Ереуілге шығу құқығы демократиялық қоғамның элементі болып табылады. Бірақ, ереуіл еңбек дауларын шешудің ең радикалды жолы екенін ұмытпаңыз. Әлеуметтік жауапкершілікті дамытуда және кәсіпорын деңгейінде қызметкер мен жұмыс беруші арасында шынайы әріптестік қарым-қатынас орнатуда кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Отырыс барысында Бас кеңес мүшелері Активтерді басқару дирекциясының 2022 жылға арналған есебін тыңдады, ҚРКФ-ның «Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзбеушілік» тұжырымдамасын қабылдады, «Халық бюджеті» жобасының нәтижелерін бекітті және Бас кеңестің жаңа мүшесінің кандидатурасын –«YNTYMAQ» салалық кәсіподағының Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Бақтияр Жақсыкелдиновті келісті.
https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/491085?lang=kk