Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бастамасымен Абай облысының Алакөл демалыс аймағында «Жаңашыл жастар – кәсіподақ болашағы» тақырыбында жас педагогтарға арналған дәстүрлі V Республикалық жазғы лагері ұйымдастырылды.
Жазғы лагерь жұмысына еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден жас ұстаздармен жас кәсіподақ белсенділері, Салалық кәсіподақтың жастар кеңесі мүшелері қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе облысының білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы (түзетім) балабақшасының дефектологы Айзада Жалғасбаева, Темір ауданы, №3 Шұбарқұдық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жасұлан Ізбасар, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Бақытбек Ізтілеуовтер бар.
Республикалық лагерьдің басты мақсаты – саладағы Жастар кәсіподақ қозғалысының әлеуетті көшбасшыларын анықтау; кәсіподақ қозғалысында жастар саясатын одан әрі дамыту; әлеуетті көшбасшылар мен белсенділерді тарту арқылы жастар арасында кәсіподақтың оң имиджін дамыту; сондай-ақ патриотизм, рухани мәдениет сезімін өркендету.
Шараға Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Салалық кәсіподақтың Жетісу облыстық ұйымы төрағасы Мэлс Төлепбергенов және Шығыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Назгүл Қасенова қатысты.
Үш күнге созылған форум барысында жастар үшін өзекті семинарлар, тренингтер, коучингтер, тимбилдингтер өткізілді.