Алдағы уақытта кітапханашылар тегін медициналық тексеруден өтеді. Оған қоса жалақысы артып, әлеуметтік мәртебе де берілмек. Мұны Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин айтты. Ол өңірдің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалмен танысып қайтты.
Қонақтар әуелі Көксу ауданына қарасты Жарлыөзек ауылындағы «Балпық» ЖШС ауылшаруашылық құрылымымен танысты. 1998 жылы құрылған серіктестік бүгінде бидай, жүгері, қызылша, көпжылдық шөп өсірумен айналысады, жеке мал шаруашылығы бар. ЖШС басшысы Айдын Әдетбековтің айтуынша, кәсіпорында Жарлыөзек ауылының 70 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді, бірақ қосымша маусымдық жұмыс орындары да бар. Көктем мен күзде ауыл шаруашылық құрылымында 140 адамға дейін жұмыс істейді. Еңбеккерлер бір жұмыс күніне 7,5 мың теңге есебі бойынша жалақы алады, ал айына орташа жалақысы 140 мың теңгені құрайды.
Жұмыскерлердің өздері жұмыс берушімен қарым-қатынасына көңілі толатынын, бірақ оларды әлеуметтік әріптестік аясында нығайту мақсатында кәсіподақ құруды ұйғарып, жұмыс беруші бұл шешімді қолдағанын айтады.
«Біз алдымызға облыс қажеттіліктерінің басым бөлігін экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және облыстың ауыл шаруашылығын дамыту міндетін қойдық. Ұжыммен қарым-қатынаста еш қиындық жоқ, дегенмен жұмыскерлердің кәсіподақ құру туралы шешімін қолдаймын», деді А.Әдетбеков.
Еңбек ұжымымен тілдескен ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Балпық» ЖШС жұмыскерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құру бастамасын қолдады.
«Кәсіподақ – бұл адамдардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатындағы өзін-өзі ұйымдастыруы. Жұмыс беруші мен кәсіподақ әріптестер болып саналады және бүкіл кәсіпорынның табысты болуы олардың сындарлы өзара әрекеттестігіне байланысты. Ауылдағы еңбек қатынастарын бірлесіп дамыту қажет. Еңбек ету құқығы – әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Кәсіподақ құру арқылы сіз әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар өзіңіздің еңбек ету құқығыңыз үшін, өз ұжымыңыздың, тұтастай алғанда бүкіл кәсіпорынның болашағы үшін жауапкершілікті аласыз. Өйткені Әділетті Қазақстанның құрылысы оның әрбір азаматының жауапкершілігіне байланысты», деді С.Дәулеталин.
«Балпық» ЖШС басшысы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуды тілге тиек етіп, жалпы облыс бойынша ауылда жұмыскерлер тапшы екенін қынжыла айтты. Ауылдық кәсіпкер механизаторлар, комбайншылар, малшылар жалақысының салыстырмалы түрде төмен болуын басты себептердің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, кейбір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында техникамен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Мүмкіндікті пайдалана отырып, А.Әдетбеков ҚРКФ төрағасына ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялау бағдарламасын қайта қарауға жәрдемдесуді өтініп, мемлекеттік көмек көрсету бағдарламасына ауыл еңбеккерлерінің еңбекақысы қорының шығындарын қосуды ұсынды.
Одан кейін Кәсіподақ төрағасы Талдықорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада болды. С.Дәулеталинмен облыс орталығында өткен кездесуге облыс аудандарынан кітапханашылар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мәдениет саласындағы әлеуметтік әріптестер келді.
Мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалының жетекшісі Сәуле Ахмадиеваның айтуынша, Жетісу өңірінде 147 кітапхана бар, онда 399 адам еңбек етеді. Кітапхана қызметкерлерінің негізгі проблемалары – жалақының төмендігі, субсидияланған тұрғын үй бағдарламасының жоқтығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, кәсіби аттестаттау мәселелері.
«Кітапхана қызметкерлерін аттестаттау үш жыл сайын өткізіледі. Оның үстіне 20-25 жыл еңбек өтілі бар кітапханашылар жас мамандармен тең дәрежеде аттестациядан өтеді. Аттестаттау сынақтарының мазмұнының өзі күмәнді, көбінесе кәсіби қызметке мүлдем қатысы жоқ сұрақтар туындайды. 20 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар кітапханашыларды аттестаттаудан босатуды көптен сұрап келеміз», деді кітапханашы Ғалия Ешенова.
Оның әріптесі Әсем Ишамбаева кітапханашыларға медициналық көмек көрсету мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, кітапханашылар жыл сайын өз қаражаты есебінен міндетті медициналық тексеруден өтуі керек, бұл қалтаға айтарлықтай зиян тигізеді. Ал салада орташа жалақы 120-140 мың теңгені құрайды.
«Қазіргі заманғы кітапханалардың жұмысын бағдарламашыларсыз елестету мүмкін емес, олардың жалақысы 80 мың теңгеге әрең жетеді. Сондықтан кітапханаларда көмекші кадрлардың ауысуы жиі орын алады», дейді облыстық кітапхана директоры Самал Шаяхметова.
Салада қордаланып қалған мәселелерді талқылау барысында С.Дәулеталин «Еңбек» депутаттық тобының арқасында кітапханашыларды тегін медициналық тексеруден өткізу мәселесі қаралып, келесі сессияда мәслихаттың шешімімен кітапханашылардың пайдасына бекітілетінін жеткізді.
«Біз сіздердің салаларыңыздағы қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Кәсіподақтар бюджеттік сала қызметкерлеріне базалық лауазымдық жалақы – (БЛЖ) негізіндегі жалақыны алып тастауды талап етуде. Әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылдың нәтижесінде бұл мәселеде ілгерілеушілік бар, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен тиісті саладағы әлеуметтік әріптестер тиісті есеп-қисаптарды жүргізіп жатыр деп сендіреді. Кадр мәселесін шешу тікелей жалақы мөлшеріне байланысты екенін де түсінеміз. Бұл мәселелер өзара тығыз байланысты және жүйелі шешімді талап етеді, біз үкіметке тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін енгіздік», деді ҚРКФ басшысы.
Салада әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақтардың рөлін Жетісу облыстық Мәдениет басқармасы мониторинг бөлімінің басшысы Жанар Талханова атап өтті.
«Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәселелерін шешу үшін облыстың кәсіподақ орталығымен бірлесе отырып көптен бері жұмыс істеп келеміз. Осыдан төрт жыл бұрын кәсіподақ ұйымдары мен мәслихаттың қолдауының арқасында мұрағат қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі шешілді. Қазіргі таңда басқарма бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұсынысы бойынша кітапхана қызметкерлерін қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруға дайын», деді облыстық Мәдениет басқармасының өкілі.
Жиын соңында С.Дәулеталин сала кәсіпорындары мен ұйымдары қызметкерлерінің мүдделерін қорғау бойынша сөз қаузап, қоғамдағы Еңбек адамы мәртебесін анықтау бойынша кәсіподақтардың ұстанымымен бөлісті.
https://egemen.kz/article/345655-madeniet-qyzmetkerininh-martebesi-osedi