Ақтөбе қаласына ҚРКФ Жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев жұмыс сапарымен келді. Ол алдымен «Жақсылық жасап жарысайық» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
«Казрансойл» мекемесінің Ақтөбе филиалының басқармасы қолдауымен «Аяла» балаларды оналту орталығының тәрбиеленушілеріне қайырымдылық қолдау көрсетті. Балаларды «Керуен сити» ойын-сауық орталығындағы Kinopark пен фудкортқа апарып, қуаныш сыйлады.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы жастардың арасында еріктілікті дамыту, жас ұрпақтың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру. Қайырымдылық – халқымыздағы ең ізгі де асыл қасиеттердің бірі.
«Жетім балаларға жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – кәсіподақ жастарының азаматтық парызы. Біз акцияны Ақтөбеден бастап отырмыз. Осы шарамыздың өтуіне қолдау білдірген барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді ҚРКФ Жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев.
Шара соңында балаларға шағын сыйлықтар табысталды.
Қайырымдылық акциясы «Келешек» жастарының бастамасымен демеушілер қолдауымен Ақтөбе қаласында тағы да жалғасын табады.