Бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жалғасуда

Жамбыл облысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жалғасуда. Бұл жолы Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Бақтияр Қараулов Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм аудандық электр жүйесі, Мойнықұм аудандық орталық ауруханасы, Мойынқұм аудандық спорт орталығы, Мойынқұм аудандық тұрғын-үй коммуналдық бөлімі, Мойынқұм аудандық жастар орталығы ұжымдарымен және аудандағы бірқатар фермерлермен кездеcті.

Облыстық кәсіподақтар орталығы тарапынан ұйымдастырылған кездесулерде Бақтияр Сайлаубекұлы еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының бүгінде атқарып отырған жұмыстарын жан-жақты айтып берді.

Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен барлық өңірде, аудандарда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Аталған кездесулердің мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген әлеуметтік-еңбек мәселелерін зерделеп, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға ықпал ету.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар мен бөлім басшыларына жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу, оны болдырмау мәселелері жан-жақты айтылды.

«Негізі өндірістік жарақаттанулардың ең көп себептері, ол – өндіріс орындарында жұмыстың қанағаттандырарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалмауы және т.б.», – деді Б.Қараулов.

Еске салсақ, өткен жылы елімізде 1232 өндірістік жарақаттану тіркеліп, оның салдарынан 1465 адам зардап шеккен, оның 203-і адам өлімімен аяқталса, 897-сі ауыр, 365-і жеңіл жарақат алған. Ал облыста өткен жылы 36 өндірістік жарақаттану орын алып, онда 46 жұмыскер зардап шегіп, 13 адам  қаза болған. Ал, биылғы жылдың 6 айында 26 өндірістік жарақат тіркеліп, онда 30 жұмыскер зардап шегіп, 3 адам қаза болған.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Үкімет назарына Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруды, сонымен қатар, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыруды көздеп отыр», – деді Б.Қараулов.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері өздерінің жұмыс атқаратын ұйымына қатысты еңбек тәртібінің сақталуы, жұмыс берушінің міндеттері, қауіпсіз еңбек жағдайының жасалуы, әсіресе, ұжымдық шарттың мазмұны және ең бастысы жалақыны көтеру жөнінде   көптеген орынды сұрақтар қойды. Қойылған сұрақтар бойынша кәсіподақ басшылығы тарапынан тиісті заңды жауап берілді.

Кәсіподақ мүшелері алдағы уақытта осындай кездесулердің ұйымдастырылуын ұсынды.

Бақтияр Қараулов еліміздегі іргелі ұйым кәсіподақ тарапынан әр-қашанда еңбек адамдарының мұң-мұқтажы тыңдалып, мүддесі қорғалып, сондай-ақ, оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетілетінін жеткізді.