Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Бақтияр Қараулов Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Шу аудандық мәдениет үйі, Шу аудандық бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу орталығы ұжымдарымен кездеcті.
Кездесуде Бақтияр Сайлаубекұлы еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының бүгінде атқарып отырған жұмыстарын тарқатып айтып берді. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен барлық өңірлерде, аудандарда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Аталған кездесулердің мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген әлеуметтік-еңбек мәселелерін зерделеп, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға ықпал ету болып отыр.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар мен бөлім басшыларына еңбек жұмыс орнындағы қауіпсіздігінің сақталуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу, оны болдырмау мәселелері жан-жақты айтылды.
«Негізі өндірістік жарақаттанулардың ең көп себептері, ол – өндіріс орындарында жұмыстың қанағаттандырарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалмауы және т.б.», – деді Б.Қараулов.
«Осыған байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Үкімет назарына Қазақстан Республикасында қауісіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруды, сонымен қатар еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыруды көздеп отыр», – деді Б.Қараулов.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері еңбек тәртібінің сақталуы, жұмыс берушінің міндеттері, қауіпсіз еңбек жағдайының жасалуы, әсіресе демалыс күндері жұмысқа шығудың заңдылығына қатысты сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Бастауыш кәсіподақ ұйымың төрағасы осындай кездесулерді Шу ауданында алдағы уақытта ұйымдастырылуын сұрады.