Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар нұсқауда ұстаздың еңбегі зор. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне артылар жүк ауыр. Сондай жандардың бірі – жаңашыл ұстаз, өз ісінің шебері Мұғалжар ауданы Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бержанова Нұршат Хамитжанқызы. Ол мектеп бітірісімен 2004 жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық колледжінің бастауыш сынып пәні мұғалімі, кейін 2011 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының педагог-психолог мамандығын алып шығады.
Нұршат оқушыларға дәріс беріп қана қоймай, шәкірттерін адамгершілікке, мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелеуді парызы санайды. Өйткені, алдындағы тарыдай боп отырған балақай елдің ертеңгі болашағы екенін таниды.
Ұқыптылық пен тазалықты басты қасиетіне балайтын Нұршат Хамтижанқызы тәлім-тәжірибесін оқушыларына арнайды. Әр істі тыңғылықты атқаратын ол ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Бала тәрбиесі жолында қолдан келер көмегін аямайды. Мұғалім өзінің ішкі жан дүниесін, оның байлығын оқушы алдында ашық та, анық көрсете біледі.
Білім саласында Нұршат Бержанованың еңбегі зор, адамгершілігі мол. Жақында аудандық, облыстық семинарларда өзінің шебер мақалаларымен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрініп келеді. Мұғалімнің сабақтары, түрлі шараларды үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдалана отырып бала жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізеді.