Адал еңбегімен абыройға бөленген азамат

Қазіргі уақытта слесарь мамандығы тұрғын үй-коммуналдық сектордағы негізгі үш мамандықтың бірі және сұранысқа ие болып табылады. Бұл мамандық иелерінің қажырлы еңбегі – бүкіл қаланың әл-ауқатының кепілі.

Солардың арасынан бүгінгі кейіпкеріміз, өз кәсібінің шебері Сәрсенбаев Қали Жетпісбайұлы 1973 жылы 26 шілдеде Ақмола облысы, Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Ол №21 кәсіптік-техникалық училищесінде жүргізуші мамандығы бойынша білім алып, 2004 жылы еңбек жолын «Астана су арнасы» МКҚК-да кәріз қызметінің слесары қызметінен бастады.

Инженерлік коммуникациялардағы төтенше жағдайларды жоюдың тиімділігі мен сапасы слесарьлардың білімі мен шеберлігіне байланысты. Бұл кәсіптің иесі қаланың барлық кәріз желісі мен апаттық шығарылымдардың орналасу схемасын, кәріз желісі мен коллекторларды әртүрлі тәсілдермен тазарту технологиясын, газдануды жоюды белгілеу әдістерін, әртүрлі топырақтарда жер жұмыстарын жүргізу ережелерін, механизмдер мен жабдықтарды жөндеу мерзімдерін білуі керек.

Осы кезең аралығында Қали Сәрсенбаев өз кәсібін жұмыс барысында, өндірістен қол үзбей игереді. Кәсіпорынның арнайы курстарында оқып, қажетті еңбек дағдыларын жетілдіреді.

«Мен апаттық-қалпына келтіру бригадасында ауысым бойынша жұмыс істеймін. Күннің уақыты мен ауа райы жағдайына қарамастан қызмет көрсетеміз. Ең қауіптісі – газдалған құдықтардағы жою жұмыстары. Алдымен біз арнайы газ анализаторымен тексереміз, ол жерде дем алуға мүмкіндігін қараймыз. Сол үшін күнделікті қауіпсіздік техникасын тапсырамыз. Әр объектінің алдында нұсқамадан өтіп, рұқсат актісіне қол қоямыз», – дейді Қали Сәрсенбаев.

Жиырма жылға жақын еңбек өтілі бар ол осы ұйымдағы жұмыс барысында жақсы жағынан көрсетіп, өндірістік тапсырмаларды сапалы орындап келеді. Құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдауда жауапкершілікті сезіне алады.

«Өз қабілетіме қарай таңдаған кәсібім мен үшін әрқашан қуаныш сыйлайды, өйткені ол адамдарға пайдасын тигізеді», – дейді Қ. Сәрсенбаев.

Бүгін «Астана Су арнасы» МКК әкімшілігі кәсіподақ комитетімен бірлесіп дәстүрлі түрде ердің жасы елуге толған Қали Жетпісбайұлын мерейтойымен құттықтады.